Шақырғанын қарсы алмаған кім? Туризм министрлігі америкалық блогердің ренішіне жауап берді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zj5nokUv5EZ3XAqaPlwDBXJVgVvC9uXxtjLinNwj.webp

Әлеуметтік желілерде америкалық блогер Коннордың Қазақстанға сапары туралы видеосы қызу талқылануда. Ол елге Туризм министрлігінің шақыртуымен келгенін айтып, алайда Қазақстанға келген сәтте ешкім оны қарсы алмағанын және байланыс болмағанын мәлімдеген. Бұл жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна".

Блогердің айтуынша, ол сапарын бірнеше ай бойы жоспарлап, Қырғызстаннан кейін Қазақстаннан да жылы қабылдау күтетінін айтқан. Алайда шекарада ресми қарсы алу болмаған, тіпті оның сөзіне қарағанда, елге кіру себебі бойынша қосымша тексеріс те жүргізілген.

"Сізді елге ресми түрде шақырды деп елестетіңізші. Сіз бірнеше апта мен ай бойы жоспарды талқылап, егжей-тегжейін келісесіз, ал келген күні Туризм министрлігі сіз туралы жай ғана ұмытып кетеді", - деді ол.

Министрлік Коннордың ресми шақырту алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. "Министрлік топтық ақпараттық турлар аясында шетелдік блогерлерді, туристік қауымдастықтар мен компанияларды шақыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді, ведомство жұмысының шеңберінде жеке тұлғаларды шақыру қарастырылмаған. Жекелеген ресми өтініштер болған жағдайда министрлік жан-жақты қолдау көрсетеді, аталған блогерден министрлікке өтініш түскен жоқ", - деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар, блогермен хат алмасу "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы атынан жүргізілгені нақтыланды. Компания мәліметінше, келіссөздер нақты уағдаластықпен аяқталмаған.

"Kazakh Tourism ұлттық компаниясы өз тарапынан ақпараттық қолдау көрсетуге және елдің туристік әлеуетімен танысу үшін қажетті мәліметтерді ұсынуға дайын", - деп түйіндеді министрліктегілер.

评论