Несие несібе емес – Кредитке кіріптарлық қиындықтан құтқара ма?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/J390jOxIIO7P4VJc6fzo1aCeDBe64Q7VtRV8FXBA.jpg

Фото ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда соңғы жылдары несие алу үрдісі кеңінен қанат жайды. Халықтың бір бөлігі пәтер, көлік, жер сияқты ірі көлемді қажеттіліктеріне несиенің көмегімен қол жеткізсе, енді бірі тұрмыстық заттар алу, қызметтерді пайдалану, шетелге шығу сияқты мақсаттарын банк арқылы жүзеге асырып отыр. Халықтың жаппай несие алуының себебі неде? Мұның қандай да бір әлеуметтік түсіндірмесі бар ма?

Дәлірек айтқанда, өткен жылы қазақстандықтардың банктер алдындағы берешегі 23 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде тұтынушылық несие көлемі 14 трлн теңгені құрайды.

Берешегі көп адамның қоғамдағы орны қандай? Олардың несиеге тәуелділігінің психологиялық себептері бар ма? Халықтың банктер алдындағы қарызын азайту үшін қандай саясат жүргізіліп жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында MNU Newsroom тілшісі арнайы зерттеу жүргізді.

НЕСИЕНІ НЕСИЕМЕН ЖАБУДЫҢ СЕБЕБІ

Несие төлеуге қиналып жүрген жандардың бірі — астаналық 22 жастағы студент Ерназар. Қазір ол қатарынан үш жерде жұмыс істейді. Белгілі бір уақытқа дейін дәмханада аспаз болып жұмыс істесе, кештен түн ортасына дейін екінші жұмысында шағын фирмаға түскен тапсырыстарды қаптайды. Бұдан бөлек, демалыс және мереке күндері фотограф қызметін де атқарады.

Ерназардың айтуынша, мұның барлығы оның он сегіз жасында алған алғашқы несиесінен басталған. Қазір оның мойнында алты несие бар. Тапқан табысының басым бөлігі осы несиелердің ай сайынғы төлеміне кетеді. Ол жастық шақта жасаған бұл шешімі үшін қатты өкінетінін айтады.

«Мен оқу мен жұмысты қатар алып жүремін деп ойладым. Сондықтан кредит алар кезде ай сайынғы төлемнің ауыртпалығы туралы көп ойланбадым. Бірақ семестр ортасында қаржылық жағдайым қиындай бастады. Достарыма қарыз болып қалдым. Содан кейін тағы бір несие рәсімдедім. Бұл жолы ақшалай несие алдым. Үлкен қаладағы өмір мен ойлағандай оңай болмады. Осылайша бір несиені екіншісімен жаба бердім»,- дейді студент.

Оның айтуынша, уақыт өте келе банктерден несие алу қиындай түскен, тіпті кейбірі кредит беруден бас тартқан. Сол кезде ол достарының атына несие рәсімдеп, ай сайын уақытылы төлеп тұруға уәде берген. Қазір осы міндеттемелерді орындау үшін амалсыздан үш жұмыста қатар еңбек етіп жүр.

Қаржыгер Дидара Құрманның айтуынша, қазақстандықтардың несиеге жиі жүгінуі табыстың төмендігінен емес, көбіне қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігінен туындайды.

«Қарапайым адамдардың басты қателігі — шығын есебін жүргізбеу. Адам ақшасының қайда жұмсалып жатқанын білмегендіктен, ай сайын қаржылық тапшылыққа тап болады. Оған қоса, көпшіліктің 3–6 айлық қаржылық қауіпсіздік қоры жоқ. Күтпеген жағдай туындаса, бірден несиеге жүгінеді. Осылайша қажеттілік үшін алынған қарыз да, тұтынушылық мақсаттағы қарыз да көбейе береді», - дейді маман.

Оның сөзінше, қарыздың бір бөлігі шынайы қажеттіліктен алынғанымен, сол қажеттіліктің өзі көбіне қаржылық қордың болмауынан туындайды.

«Төлем мәдениеті қалыптаспаған адам көбіне эмоциялық сатып алулар жасайды: акцияларға алданып, жоспарсыз мүлік немесе техника сатып алады. Мұндай қателіктер табысынан артық қаражат жұмсауға әкеледі. Ал тәуекелдерді ескермей несие алғандар қарыздың нақты құнын түсіне бермейді: жасырын комиссиялар, ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі), сондай-ақ төлемді кешіктіргені үшін айыппұлдар қарызды 30–70 пайызға дейін қымбаттатуы мүмкін», -дейді қаржыгер.

ӘР 5 ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ТӨРТЕУІ НЕСИЕСІН ӨТЕП ЖҮР

Ресми мәліметке қарағанда, қарыз алушылардың құрылымы мынадай: кредиттердің жиынтық көлемінің 46,8 пайызы бизнес кредиттеріне (яғни қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің кәсіпкерлік мақсатта алған қарыздарына), ал 53,2 пайызы тұтынушылық мақсаттағы берешектерге тиесілі. Яғни қазақстандықтардың басым бөлігі несиені кәсіпкерлік мақсатта емес, тұтынушылық мақсатта алады.

Қазақстанда төлеу мерзімі аяқталмаған несие келісімі бар азаматтардың саны 7,7 миллион адамға жеткен. Бұл – экономикалық белсенді халықтың шамамен 83 пайызы. Демек, еңбекке қабілетті әрбір бес қазақстандықтың төртеуі банктен несие алып, қарызын өтеп жүр.

Статистикаға сүйенсек, аталған 7,7 миллион адамның бір бөлігінде бірнеше несие бар. Бірінші кредиттік бюроның дерегі бойынша, қарыз алушылардың кемінде 17 пайызының несиесі 90 күннен асып кеткен, яғни проблемалық берешек санатына жатады.

МҮМКІНДІК ПЕН АУЫРТПАЛЫҚ

Қазіргі тұтынушылық үрдістердің өсуі, банктердің жеңілдетілген несие өнімдерін жылдам мақұлдауы және агрессивті маркетингтің әсерінен халықтың несие алуы азаймай отыр деп есептейді экономист Бауыржан Ысқақов.

«Онлайн несие, бөліп төлеу, кешбэк сияқты құралдар халыққа барынша қолжетімді. Ал жинақ мәдениетінің әлсіздігі мен нақты жалақының төмендігі борыш жүктемесінің тұрақты өсуіне әкеліп отыр», - дейді маман.

Сонымен қатар, ол инфляция, девальвация және дағдарыс жағдайларында несиеге сұраныс күрт артатынын атап өтті. Инфляция кезінде халық ақшасының құнсыздануына жол бермеу үшін тауарды дәл қазір сатып алуға тырысады.

«Девальвация кезінде импорттық тауарлардың қымбаттайтынын ескеріп, көлік пен техниканы алдын ала алуға ұмтылады. Ал дағдарыс кезеңінде табыс қысқарып, төлем қабілеті төмендегенімен, несие көлемі жоғары деңгейде қалып, төлемдердің кешіктірілуі жиілейді», - дейді экономист.

Ұзақ мерзімді перспективаға болжам жасай отырып, маман үш сценарийді бөліп көрсетеді. Базалық сценарий бойынша жалақы инфляцияны толық қуып жете алмайды, ал бөліп төлеу мен тұтынушылық несие жыл сайын 8–12 пайызға өсіп, борыш жүктемесі біртіндеп артады.

Оптимистік сценарийде табыс өсімі тұрақталып, инфляция 5–6 пайыз деңгейінде баяулайды. Бұл ретте несиелеуге қойылатын мемлекеттік шектеулер қарыз өсімін тежейді.

Ал пессимистік сценарий бойынша инфляция күшейіп, девальвацияның ықтималдығы артады, несие көлемі жыл сайын 15–20 пайызға өседі. Соның салдарынан халықтың борыштық қысымы күшейіп, төлем қабілеті нашарлайды.

«Егер табыс пен баға арасындағы теңсіздік, жинақ мәдениетінің әлсіздігі және қаржылық сауатсыздық сияқты негізгі проблемаларды шешуге бағытталған реформалар жүргізілмесе, алдағы үш-бес жылда халықтың қарыз жүктемесі тұрақты түрде өсе береді. Қарыз — өмір сүруге мүмкіндік беретін құрал, бірақ қаржылық тәртіп болмаса, ол адамға ауыртпалық әкеледі», - деп түйіндеді Бауыржан Ысқақов.

НЕСИЕ АЛУШЫЛАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯСЫ ҚАНДАЙ?

Психолог Гүлнұр Күдерованың айтуынша, несиеге жиі жүгінетін адамдардың басым бөлігінде FOMO (ағылшын тіліндегі fear of missing out — бір нәрседен қалып қоямын деген қорқыныш) әсері байқалады. Соның салдарынан қазіргі таңда алынатын несиелердің бір бөлігі нақты қажеттілікті өтеу үшін емес, өзгелерге жақсы көріну, әлеуметтік мәртебені көрсету мақсатында рәсімделеді.

«Адамдар өздерін өзгелерден төмен сезінбеу үшін, “мен де өмір сүріп жатырмын” дегенді дәлелдеу мақсатында қарыз алады. Негізінде, бұл — ішкі қорқыныштың және өзін бағалауды сыртқы факторлармен өлшеудің белгісі. Уақыт өте келе мұндай әрекет әдетке айналып, адам шынайы қажеттілік пен жасанды тілектің арасындағы айырмашылықты ажырата алмай қалады», - дейді ол.

Сонымен қатар, маман қаржылық мәдениет пен сауаттылықтың қалыптасуына отбасының тікелей әсері бар екенін атап өтті. Егер отбасында ата-ана ақшаға тым шектеулі немесе керісінше жауапсыз қараса, бұл балаға да әсер етеді.

«Егер ата-ана баласына қаржылық мәдениетті дұрыс үйретсе, ол өсе келе қаржылық сауатты болады. Мысалы, баланы дүкенге жұмсағанда, қажет сомадан сәл артық ақша беріп, “қалғанын жина” деп үйретсе, бала үнемдеуді меңгереді. Ал мұндай тәрбие болмаса, есейгенде адам табысының қайда кеткенін түсінбей, оны дұрыс басқаруды білмейді», — дейді психолог.

Бұл мәселеге әлеуметтанушы Мейірман Ерланұлы да өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, проблема екінші деңгейлі банктердің несие алу процесін барынша жеңіл әрі қолжетімді етуімен де байланысты болуы мүмкін.

«Қазір адамға ақша қажет болса, немесе тауар сатып алғысы келсе, тек телефонын алып, онлайн түрде рәсімдей салады. Құжаттың көп қажет етілмеуі — процесті тым жеңілдетіп жіберді. Соның салдарынан “неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа?” деген ой туындайды. Оған қоса “0–0–12”, “0–0–24” сияқты бөліп төлеу тәсілдері де кең таралған. Бұл адамдарға тауарды тегін алып жатқандай әсер береді. Ал оның артында қандай қауіп-қатер бар екені, “төлей алмай қаламын-ау” деген ой көп жағдайда ескерілмейді», - дейді әлеуметтанушы.

Еске сала кетсек, елімізде бұған дейін eGov Mobile қосымшасында «несие алудан ерікті түрде бас тарту» қызметі іске қосылған болатын. Яғни азаматтар болашақта несие алмау туралы шешім қабылдаса, арнайы функцияны қосу арқылы өздерін кредит рәсімдеуден шектей алады.

Алайда бұл жаңашылдық та несие алуды толық тоқтата алмай отыр. Себебі қажет болған жағдайда кез келген адам бұл шектеуді өз бетінше алып тастай алады.

Жайна Тұрарбек

评论
其他材料