Даулы қамзол. Сарапшы мәдени мұраны заңсыз иемдену қаупі бар екенін мәлімдеді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hIAtGndVSw4CA6RinAVsb4Vq29SbNMpaV0uj2OBC.jpg

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сарапшы Әсел Темірова «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолға қатысты жағдайды түсіндіріп, мәдени құндылықтарды қорғау саласындағы заңнамалар мен халықаралық нормалардың бұзылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды “Адырна” порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.

Оның пікірінше, бұйымға қатысты құжаттардың болмауы — заңдылыққа күмән тудырады. Мұндай жағдай халықаралық тәжірибеде provenance gap (шығу тегі белгісіз) деп аталады және бұл заңсыз иемденудің белгісі болуы мүмкін. Дәл осы критерийлер бойынша INTERPOL мен UNESCO заңсыз иемденілген мәдени құндылықтарды анықтайды.

Сарапшының айтуынша, мемлекет мүлікті дұрыс сақтамаған күннің өзінде, бұл жеке тұлғаларға оны иемденуге құқық бермейді.

“Бұл – мүліктік құқықтың базалық қағидаты. Қараусыз қалу жекешелендіру дегенді білдірмейді”, – дейді Темірова.

Ол Қазақстанның 1970 жылғы ЮНЕСКО конвенциясына қатысушы екенін еске салды. Бұл құжатқа сәйкес, мемлекеттік мекемелер аясында жасалған және мәдени құндылығы бар заттар ұлттық мұра ретінде қарастырылады.

Темірованының пікірінше, стандартты тексеру рәсімі қажет.

“Мәдениет министрлігі бұйымның шығу тегіне қатысты ресми сұрау жолдауы тиіс. «Қазақфильм» соңғы онжылдықтардағы архивтер мен есептен шығару актілеріне аудит жүргізуі керек. Қазіргі иесі заттың заңды түрде алынғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынуы тиіс”, – деді ол.

Егер мұндай құжаттар болмаса, тексеру аяқталғанға дейін бұйым мемлекет қарауына алынып, сақтауға берілуі керек.

Сарапшының айтуынша, адал әрекет болған жағдайда, иесі бұл мәселені жария етпей тұрып-ақ Мәдениет министрлігіне жүгінуі тиіс еді.

Темірова Баян Алагөзованың видеоүндеуін талдай отырып, қосымша бір жайтты атап өтті: қамзолды берген әйел бұрын «Қазақфильм» қоймасында жұмыс істеген.

“Мемлекеттік мекеме қызметкерінің, тіпті зат қажет болмаса да, оны алып кетуге құқығы жоқ. Бұл мемлекеттік мүлікті ысырап ету немесе иемдену ретінде бағалануы мүмкін”, – деді ол.

Осыған байланысты, оның пікірінше, іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласуы тиіс.

Темірова журналистік зерттеудің маңызын да атап өтті.

“Мәдени мұраны қорғау жүйесі дамыған елдерде медиа – қоғамдық бақылаудың негізгі әрі кейде жалғыз құралы”, - деді ол.

Еске салсақ, «Қыз Жібек» фильміндегі қамзол продюсер Баян Алагөзованың қолында болған. Ол бұл бұйымды Instagram парақшасында көрсетіп, сыйлық ретінде алғанын айтқан.

Бұл жағдай қоғамда үлкен сын тудырды. Кейін Мәдениет министрлігі «Қазақфильм» қорында тек бір ғана түпнұсқа қамзол сақталғанын мәлімдеді. Ведомство оның ұлттық кино мұрасының маңызды бөлігі ретінде қорғалатынын атап өтті.

Сондай-ақ, екінші қамзолдың жеке қолға қалай түскені анықталып жатқаны айтылды. Министрлік «Қазақфильм» реквизиттер мен костюмдерді жинау, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарымен тұрақты түрде айналысатынын, ал болашақта студия жанынан отандық киноның бірегей экспонаттары қойылатын музей ашу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Кейін Баян Алагөзова бұл жағдайға пікір білдіріп, қамзолға қатысты қызығушылықтың кенеттен артқанына таң қалғанын айтты. Оның сөзінше, бұйымның ресми мәртебесі жоқ, ол ешбір реестрде тіркелмеген және ұзақ уақыт бойы оны жай ғана сақтап келген жеке адамның қолында болған.

评论