Берлинде Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды. Оның толық аты-жөні жарияланған жоқ, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Spiegel-ге сілтеме жасап.
Құжаттарда ол Сергей К. деп көрсетілген. Германияның Бас прокуратурасының мәліметінше, ер адамды Федералдық қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері тұтқындаған. 29 сәуірде сот оны қамауға алу мәселесін қарайды.
Тергеу нұсқасы бойынша, Сергей К. кемінде 2025 жылдың мамыр айынан бері Ресей арнайы қызметтерімен байланыста болып, оларға ақпарат беріп отырған. Әңгіме, атап айтқанда, Германияның Украинаға көрсеткен әскери көмегіне және неміс қорғаныс өнеркәсібінің жағдайына қатысты деректер туралы болып отыр. Айрықша қызығушылық дрондар мен робототехника өндіретін компанияларға бағытталғаны айтылды.
Тергеушілер күдіктінің автомагистральдардағы әскери колонналарды, соның ішінде НАТО елдерінің конвойларын, сондай-ақ Берлиндегі мемлекеттік ғимараттарды суретке түсіргенін де алға тартады. Сонымен қатар ол барлау қызметіндегі таныстарына Германиядағы диверсия жасауға қолайлы нысандар туралы ақпарат беріп, диверсиялық-тыңшылық тобына қосымша адамдарды тартуды ұсынған.
Сейсенбі күні күдіктінің пәтерінде тінту жүргізілді. Сондай-ақ іске қатысы жоқ деп саналатын тағы бір адамның үйінде де тінту болған. Тінту нәтижелері туралы билік органдары хабарлаған жоқ.
Қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздердің айтуынша, Сергей К.-ның бұрын Украинадағы Донецк облысында Ресей жағында әскери іс-қимылдарға қатысқанына қатысты деректер бар.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі әзірге бұған қатысты мәлімет таратпады.
Еске салайық, өткен жылдың 30 шілдесінде Польша билігі Быдгощ қаласында Орталық Азия елдерінің бірінің сыртқы барлау қызметінің офицері ұсталып, үш айға қамауға алынғанын мәлімдеген еді. Кейіннен оның Қазақстан азаматы екені анықталды.
