Нарынқолда өңірден шыққан ғалымдар форумы өтті

139
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1KyGPVK0JJ3zeYEi6JfoS9sulWfU8WGIY3oZlvkX.jpg

Алматы облысының қиырында орналасқан Райымбек ауданында ғалымдар форумы өтті.

Осы өңірде туып өсіп, еліміздің түрлі салаларында ғылым мен білімге еңбек сіңіріп жүрген жерлестердің басын қосқан аудан әкімдігі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Аудан жұртшылығы мен ғалымдардың кездесуі Қақпақ ауылында ұйымдастырылды. Басқосуға Алматы облысының әкімдігі қолдау білдірген. Шараға ұйытқы болған Райымбек ауданы әкімі Дастан Құдабаевтың айтуынша, елімізде түрлі салада өңірден шыққан 500-ден астам ғалым еңбек етіп жүр. 

“Біз бұл бастаманы үш ұрпақтың бас қосуы деп атадық. Ғылым мен білім – кемел келешекке нық қадам. Осы қадам біздің елде тұрып жатқан әрбір тұрған, ұстаздар қауымы мен жас ұрпаққа бір өнеге болсын дедік. Идеяның негізгі бастауы қалада жүріп алыстағы туған жеріне кішкентай да болса көмек қолын созғысы келетін жерлестерімізге мүмкіндік жасау. Әрине қонақтар келгенде ас ішіп, аяқ босату үшін емес олар кеткен соң қандай із қалады деген сұрақ бізді мазалады. Сондықтан біз өз командамызбен ЖОО, түрлі ғылыми зерттеу институттары, ғылыммен байланысты мекемелердегі өңірдің тумаларын іздедік. Барлығы 500 адамның тізімін алып, елге шақырдық. Көбі келді. Ақылдастық, жобаларды ұсындық және жоспар құрдық”,- дейді Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев. 

Ауқымды іс-шараға Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Әділ  Ахметов, Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, Алматы облысының және бірнеше аудандардың Құрметті азаматы Тоққожа Естенұлы Естенов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры, Бейбіткүл Кәрімова, сондай-ақ жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, педагогтер, меценаттар мен жастар қатысты.

“Мен осы Райымбек ауданындағы Қарасазда мектепте оқыдым. Біздің заманда оқуға түсу оңай болған жоқ. Бірақ мені ата-анам Алматыдағы әйгілі Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсуге кеңес берді. Ол жерде үш уақыт тегін тамақ беретін еді. Сол үшін мен осы оқу орынын таңдадым. Ең құрығанда қарның тоқ жүреді деді. Уақыт өте келе мен осы өзіме alma mater болған - Қызар университетіне басшы болып келдім. Әл күнге тегін әлеуметтік көмек беріледі. Осы өңірдің қыздарын шықарыман. Білім алсын.Оған дейін Қызылорда мемлекеттік университетінде 6 жыл басшы болдым. Міне енді өз туған жерімде біз сияқты мамандардың тәжірибесі мен кеңесі керек дегенге қуанып келіп отырмын. Бұл өте жақсы үрдіс”- дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Бейбіткүл Кәрімова. 

Конференция барысында ауданнан шыққан ғалымдар, профессорлар, академиктер мен елге жанашыр меценаттардың мектеп бітіруші түлектермен кездесуі ұйымдастырылды. Әсіресе, ұзақ жылдар мемлекеттік қызмет атқарған, елші-дипломат, көрнекті ғалым Әділ Ахметов сахна төріне көтеріліп, академикпен журналист Бақыт Жағыпарұлы сұқбат жүргізді. Нарынқолдың тумасы, биыл 85 жасқа толған ел ағасы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас буынды білімге ұмтылуға, туған елге адал қызмет етуге шақырды. Өзімен қатар жүрген өңірден шыққан ұлы тұлғалар туралы естелік айтқанда көзіне жас алып, көңілі босады. 

“Айналайын жерлестер, мен осы Нарынқолда туып, Телман Жанұзақов атындағы мектепте білім алдым. Ұстазым мектепте жүргенде-ақ шетел тілін оқуыма түрткі болды. Алматыға барып бұрынғы Шетел тілдер институты, қазіргі Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түсіп, сол жерде кіші қызметкерден ректорлыққа дейін, одан соң Ұлыбританиядағы елші, ҚР Сыртқы істер вице-министрі, Білім комитетінің басшысы және ҚБТУ құрушы әрі сенатор қызметіне дейінгі жолды өттім. Бұл үлкен еңбекпен келді. Білім алу, сонымен бірге елге қызмет ету- сіздердің парыздарыңыз. Мен осы уақыт аралығында туған елімнен қол үзбедім. Ал бүгін қолға алып отырған өңірдегі ғалымдар форумы өте жақсы бастама. Өндіріс пен ауылшаруашылығын ғылыммен ұштастыру деген керек. Меніңше мұны өңірден шығып, жан-жақта жүрген жерлестеріміз қолдайды және көмектеседі деп ойлаймын”,- деді Әділ Ахметов.

Конференцияның басты мақсаты – жастар арасында ғылым мен білімнің маңызын насихаттау деуге болады. Қазіргі заман сұранысы  цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы жаңа мүмкіндіктерді игеру. Оқушылар мен ғылыми қауымдастық өкілдерінің тәжірибе алмасуына жағдай жасау үшін секцияға бөлініп, кездесулер өтті. Іс-шара аясында оқушылардың ғылыми жобалары, қолөнер туындылары, робототехника, жасанды интеллект және экологиялық жобалар бойынша көрме ұйымдастырылды. Жас зерттеушілер өз еңбектерін көпшілік назарына ұсынып, шығармашылық және ғылыми ізденістерінің нәтижесін көрсетті. Бұл көрме оқушылардың жаңашыл ойлау қабілеті мен ғылымға деген қызығушылығының жоғары екенін айқын аңғартты.

Райымбек ауданы әкімідігің бастамасымен ауданда оқушылардың білім әлеуетін көтеру үшін елдің беделді жоғары оқу орындарының басшылары шақырылды. Конференцияның шарықтау шегі әрі маңызды нәтижелерінің бірі де осы болды. Алматы облысы білім басқармасы мен еліміздің 11 жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттар білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жетілдіруге, ауыл жастарының сапалы жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Осы оқу орындары енді аудандағы мектептерді аралап, қажетті мамандық иелерін даярлау үшін талапкерлерді өздері де таңдап ала алады. 

Іс-шараның екінші кезеңі Қақпақ ауылындағы Жәменке орта мектебінің базасында жалғасты. Мұнда жоғары оқу орындарынан келген профессорлар мен оқытушылар, сала мамандары және меценаттар мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдаудың қыр-сырын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. TEDx форматындағы кездесулер, шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, жастар көкейіндегі сауалдарына жауап алды.

Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов өз сөзінде Райымбек ауданының білім саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Бүгінде ауданда 22 мектепте 5220 оқушы білім алып жатыр. Білім сапасы 70 пайызды, үлгерім көрсеткіші 100 пайызды көрсетеді. Биыл 343 түлек мектеп бітірсе, олардың 55-і «Алтын белгіге», 38-і үздік аттестатқа үміткер. Сонымен қатар, 9-сыныпты аяқтайтын 575 оқушының 92-сі үздік аттестаттан үмітті.


Биыл осыдан 8 жыл бұрын қайтадан бөлініп шыққан Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осы маңызды оқиғаның аясында аудан әкімі Дастан Құдабаевтың бастамасымен “90 жылдыққа 90 шара” деген атпен ондаған шара өткізіледі. Ол жыл басында басталған. Бүгінгі ғылым мен білім форумы да соның аясында ұымдастырылды. Ал өткен аптада Сарыбастау ауылында ауылшаруашылық форумы ұйымастырылып, оны насихаттау үшін республикалық және Алматы облыстық БАҚ өкілдері арнайы келді. 
Айта кету керек, Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойының негізгі шаралары 8-11 шілде арасында Нарынқол өңірінде ұйымдастырылады.

评论
其他材料