Ыстық көлдің алқызыл гүлдерін көргеннен кейінгі ойлар

166
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LRNB2dFybuM5nOXGZPujLZszHRZNutehNiMw1an7.jpg

Әр халықтың мәдени өмірінде ерекше рол ойнайтын ересен талант иелері болады. Кешегі Мұхтар Омарханұлы Әуезов халқымыздың рухани мәдениетін дамытуда қандай зор рол ойнаса, бүгінгі қырғыз мәдениеті үшін  Шыңғыс Айтматов та сондай шешуші рол атқарып отырғаны бүкіл ел мойындаған шындық. Қырғыз халқы тағы бір талант иесін тәрбиелеп, қатарға қосқанына мақтана беруіне болады. Соңғы бірқанша жылдың ішінде ғана қырғыз кино-өнерін даңыққа бөлеп, одақтық аренаға таныла бастаған жас режиссор Болат Шамшиев еңбегі айрықша сөз етуге тұрарлық. Мұхтар Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасы» повесі бойынша ол жасаған «Қараш асуындағы атыс» фильмін көрермен қауым ерекше сүйіспеншілікпен қарсы алғаны баршаңызға аян. 

Осы фильмнің жалғасындай болған «Ыстық  көлдің алқызыл гүлдері»  экранға шығыпты. Біз бұл арада заңды жалғасы деген сөзді  әдейі фильмдердегі идеялық тұтастық, оқиғаның ішкі мазмұн желісінің даму беталасы тұрғысынан айтып отырмыз.

Қазақ феодалдарының айуандық езгісі мен тәлкегіне шыдамай әділеттілік іздеп шарқ ұрған, тар жол тайғақ кешулерді басынан кешкен Бақтұғыл басындағы трагедиялы тағдыры  жайылы сөз болады. Шытырман тағдырлы  Қарабалтаның өмір жолы да қиуадан қиылысып жатады.

Фильм Болат Шамшиевтің повесть  үлгісімен жасаған екінші туындысы. 

Фильм қырғыз, қазақ халықтары үшін ауыр ұлттық трагедия болған 1916 жыл оқиғасы салған жараның аузы бітіп үлгірмеген 20-шы  жылдар оқиғасымен басталады. Патшалық самодержавиясына қарсы көтерілген халық көтерілісі тағылықпен жанышталғаннан кейін, сан мыңдаған бұқара халық өз отанын тастап, шетелге қашуға мәжбүр болды.  20-шы жылдардың басындағы НЭП-тің әсерімен босқындар атамекеніне қайтып келуге  мүмкіндік алды. Бірақ ол оп-оңай бола қалған жоқ. Ыстық көл маңын иелеп алған контрабандистер мен шекарашылар арасындағы күресті өзек еткен фильм, біржағынан Қытайдан афиын әкеліп, заңсыз жолымен сауда жасаса, тағы біржағынан қарапайым халықты жаңа режимге қарсы бүліншілік жасауға үгіттеп жатты.

Мұндағы күрестің негізгі тарихи мәні - адамзатты азғындататын афиын саудасын біржола құрту жолындағы күресі де болатын.

Бұл күрес шалғайдағы шекарашылар үшін де, шытырман тағдырлы, Қарабалта үшін де оңайға түскен жоқ. Қарабалта  тауға бекінген контрабандистердің жасырын афиын қоймасын іздеу жолында үш шекарашы досынан айрылады. Қаза ауыртпалығына, енді, нақақ жала  келіп қосылып Қарабалта адам төзгісіз қаралануға тап болады. Қиын тау асуларынан асып барып, ізге түскен шекарашылар ақыры афиын қоймасын тауып алады. Бірақ іс онымен бітпейді, шекарашылардың жоқтығынан хабар тапқан бандылар шекарашылар заставасын басып алып өртеп жібереді де, командирдің сүйікті әйелін олжалап әкетеді. Жала жабылып түрмеде жатқан Қарабалта осы тұста  тағы бір ерлік жасап, есікті бұзып ашып, сыртқа шықса да бандылар қолына қайта түсіп адам төзгісіз азаппен азапталып «ит итше өлсін» деп оны қызыл өрт ішіне тастайды. Қарабалта мұндай азаптың талайын көріп шыныққан адам болғандықтан дұшпаны алдында қайыспай қатая түседі.

Қарабалта кейбір кинофильмдерде кездесетін атса оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін  «ғажайып»  герой емес, өмірдің мартен пешінде пісіп шыныққан сом  тұлға болатын. Ол сондықтан байлаудан босана салысымен ешбір ойланбастан жауынан кек алу үшін тауға қарай  тартады да, контрабандистер ортасына баса көктей кіріп, оларды тапа-тал түсте масқаралап кетеді. Қарабалта характерін толықтыра түсер тағы бір тұс, оның қарақан басын арашалап, шетелге қашып бара жатқан Байзақпен тар кезеңде кезіккен жері. Режиссор бұл арада аса тапқыр шешім жасаған, таулықтардың ата бабасынан бері келе жатқан еркектер кегін еркектерше алу салты бойынша  ат белі қайсар,  жігіттің жігіттігі сыналар сайыспен қарсыласының тағдырын шешеді.    Дер кезінде жетіп үлгерген шекарашылар отряды бандылар қолын тізе бүктіріп, алданған қара халықтың көзін ашар жалынды сөз арнайды. Әділет жолын таныған қара бұқара райынан қайтып ата-мекенге қарай салтанатты шеру жасайды. Алқызыл гүлге оранған құт мекенге табанын тигізіп, Ыстық көлдің кәусар суымен жүздерін жуып рахаттанады.   Ұзақ уақыттық ақтабан шұбырынды, сарсаң жүріс қажытқан қараңғы халық қасиетті көлдің мөлдір суымен жуынып қайта туып, қайта жасарғандай  мәре-сәре жүздеріне қарап, бірге қуанасың.

Киносценарийдің жақсы жазылуымен талантты режиссердің фильмнің сәтті шығуында ойнар роліне ешкім шек келтірмесе керек. Соның өзінде бас ролдерді ойнайтын актер көтерер жүк те орасан зор. Бұл фильмде Қарабалта ролін ойнаған Сүйменқұл Шоқмаровтың орындаушылық шеберлігіне  дән риза боласың.  Шамшиев режиссерлығындағы картинаға екенші рет шығып отырған Шоқмаров Бақтығұл ролін ойнағаннан бері қаншалық өсіп, есейп кеткеніне таң қаласың. Әр адамның тағдыры мен таланты да әртүрлі ғой. Ол әсілі талантты художник еді. Шамшиевтің ұсынысы бойынша  Бақтығұл ролін тұңғыш рет ойнап шыққан болатын.  Одан кейін «Жамила» фильміндегі Данияр ролін, «Төтенше комиссарда» Қожаев ролін де сәтті ойнап шықты, енді міне аты аңызға айналған ерекше тағдырлы Қарабалта ролін  қалай ойнағанына куә болдық. Жоғарыда айтып өткеніміздей тағдыры жағынан Қарабалта ролі Бақтығұл образының жалғасы сияқты болып көрінеді.  Айырмасы  Бақтығұлдай  ұрыншақ, санасыз емес, қилы тағдырды бастан кешіп шыныққан саналы күрескер, туған халқының бақыты үшін бүкіл өмірін сарп еткен қайсар тұлға. 

Фильм қамтыған оқиға ауқымы орасан зор. Сан салалы оқиға желісі жарыса өрбіп, шиыршық ата соқтығысып жатады. Бірін-бірі толықтырып, бірі-бірін шешіп жүйелеп отыратын сол оқиғалар мен детальдар табиғи түрде келісім тауып тұрады.

Қырғыз туысқандар қазақ халқының өмірін, өнерін, белгілі қайраткерлерін арқау етіп келе жатқаны қазақ киногерлерін  қарыздарлық, борыштарлық сезімін тудырарына сенім артамыз.  Не әңгіме айтса да өзінің ең жақсы көретін досының атын қоса әңгімелемесе көңілі көншімейтін бір қимас жандар болады. Сол сияқты  қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов «туысқан қазақ халқы, қазағымның кең сахарасы» деген сөзді аузына алмай жазған шығармасы жоқтың қасы шығар. Ал, ақындар мен композиторлары ше? Біз ұлы Әуезов қалыптастырған қазақ-қырғыз қаламгерлерінің достық дәстүрін одан әрі жалғастыруға тиіспіз.

Жас режиссер Болат Шамшиев  бұл фильмінде   біздер үшін ерекше қасиетті  ескерткіш орнатқан екен. Фильмнің басталуынан-ақ  кең сахараның алыс түкпірінен  талып естілетін мұңлы, сыршыл сарын  -  Біржансал сарыны қандай тапқырлықпен енгізілген десеңші. Қайғылы қазаға тап болып, жаны жараланған Қарабалта  айлы түнде, Ыстық көл бойындағы сауық кешінде  «Теміртас» әнін аса тебіреніспен айтып береді. Сол жағдай, сол маментте бұл ән ойнар ролдің  шексіз мүмкіндігіне кімнің күмәні болмақ? Қырғыз халқында сондай бір ән болмағандықтан, режиссер сонау арқадағы Біржан әнін Ыстық көл жағасында айтқызып отырған жоқ-ау, сірә! Бұл арада  творчество адамына тән үлкен жүрек, дархан пейіл салтанат  құрады. Мұнда азапты жылдар керуенінде шөліркеп, болдырған халықтар жан дүниесінің ащы зарын, ортақ мұңын егіле еске алу бар.

Қазақ драматургтерімен киноматографистері осы Шамшиевше халқымыздың ардагер ұлдарының асыл мұрасын жаңғыртып, жандандыра  қолдана алдық па? Қырғыз немесе басқа да туысқан халықтар мұрасының жауһарларын өз керегімізге қаншалық жарата алдық?  Бұл  - өнер адамдары ойланар, толғанар бір жәй екен. Біздер үшін ерекше қадірлі адамдардың бірі  Елубай Өмірзақ пен Әмина Өмірзақовалар картинаға өзіндік қолтаңбасын қалдырыпты. Атқа  жиырма бестегі жас жігіттей шаншыла отырған, жауырыны қақпақтай Калмат бейнесімен, Ыстық көл суына жуынып отырған парасатты ақсақалдың қысқа ғана көріністерінен Елубай ақсақалға тән ерекше қимыл қозғалысты анық көреміз. 

Бұл фильмнің көрермен қауымды риза етер тағы бір ерекшелігі, оның ұлттық бояуының қанық болуы арқылы қырғыз халқының ұлттық салт-  санасы, өмір тіршілігі, наным-сенімдері арқылы жеткізе білгендігінде, тарихи оқиғаға лайық тарихи фактілерді, тұрмыстық өзгешеліктерді (айтыс, атшабыс, сайыс, көші-қон, киім кешек, тұрмыстық бұйымдар үлгісі)  дұрыс таңдай білген.

Мұнан  сырт фильмдегі шытырман оқиғалар жүз берген қырғыздың ғажайып жаратылысты асқақ Тәңіртау өңірінің  небір оқыс әрі әсем көріністерін лайықты көркемдікпен көрсете білген қоюшы оператор Виктор Осенниковтың еңбегі де  мақтауға тұрарлық. Оқиға мазмұнын айшықтау, кейіпкер характерін жандандыра аша түсу үшін талданған пейжаздың да атқарар ролі зор.  «Тяньшань» қытайша «Аспан тау» деген түрік сөзінен алынған. Демек, аспанмен астасқан ерекше жаратылысты Тяньшань тауында  болған оқиға киноластырылғанда  одан лайықты пайдаланбай болар ма еді? Мәселен, Қарабалтаның алған бетінен қайтпайтын ерлігін көрсетуде мұзды аңғар мен құлама, шыңырау тау асуларының қандай рол атқарып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Қарабалтамен Байзақ кезігер тар кезең  қандай шеберлікпен таңдалған. Өзінің қасіретті қазаға толы өмірбаянын командиріне баяндап отырған қайғылы Қарабалтаның шиыршық атқан жан толғанысы мен салыстырыла  баяулап барып, лапылдай жанатын лампа жарығы,  айлы кеште, Біржан әні айтылып жатқандағы, от жанып лапылдаған Ыстық көл жағасы суреті  тапқырлықпен алынған суреттер еді.

Қорыта айтқанда, «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» қырғыз фильм студиясының ең тамаша жетістіктерінің бірі. Жас режиссор Болат Шамшиевтің алысқа шабар, тынысы кең талант екенін тағы да паш еткен сәтті қадамы екен. Фильмді туысқан қазақ, қырғыз халықтарының  творчестволық одағының  мәуелі жемісі деп қабылдадық. Мерейің арта берсін қырғыз достар ! Сенің табысың біздің табысымыз. 

                                                                                                          1990  жыл.  Алматы.

Әлімғазы Дәулетхан

                               ҚР Жазушылар одағының   мүшесі, құрметті  жазушысы

                                      Режиссор:  Болат  Шамшиев

   

评论
其他材料