Мигранттарды орналастыру жөнінде ЕО-мен ешқандай келіссөз жүргізілмеді — СІМ

87
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QeerkprosFwhREty3MWSgN4bjeABrO15LqVKQYlB.jpg

Қазақстанның СІМ ел аумағында үшінші елдерден келген мигранттарды орналастыру мәселесін талдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан мен Еуропалық Одақ немесе оған мүше мемлекеттер арасында Қазақстан аумағында шетелдік азаматтарды қабылдау, орналастыру, ұстау немесе транзиттік өткізу орталықтарын құру мәселесі бойынша ешқандай келіссөздер болған жоқ.

Сондай-ақ СІМ өкілі Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселесі мен реадмиссия мәселесі бір-бірінен бөлек қарастырылатынын атап өтті.

«Визалық режимді жеңілдету жөніндегі ықтимал талқылаулар Қазақстан аумағында өзге мемлекет азаматтарын орналастыру жөнінде қандай да бір міндеттемелер қабылдауға негіз бола алмайды», – деді Ерлан Жетібаев.

Еске салайық, бұған дейін бірқатар БАҚ-та Қазақстан мен Өзбекстанда мигранттарға арналған орталықтар ашылуы мүмкін деген ақпарат тараған.

评论