Алматы – Қорғас тасжолындағы апат. Жүргізушіге қатысты ақпарат тарады

184
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/8srsDV5dUtebJMGFk3LBHQb7w6113p8actG1CbR0.jpg

Алматы – Қорғас автожолында үш адамның қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасына қатысты күдіктінің жеке басы анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді.

Ақпаратқа сәйкес, жол талғамайтын Haval көлігін басқарған азамат – ішкі істер органдарында қызмет атқаратын 37 жастағы полиция майоры Абылай Жарылқасынұлы.

Жол-көлік оқиғасы 23 маусым күні сағат 17:00 шамасында Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Haval автокөлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Audi 100 көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Audi көлігінің жүргізушісі 41 жастағы Ахметжан Жүнісов, оның 40 жастағы жұбайы Гүлхұмар Махаметова және 20 жастағы қызы Дияра Тиіп оқиға орнында қаза тапқан.

Сонымен қатар, марқұмдардың тағы екі баласы, Дияраның бір жасқа толмаған сәбиі және Haval көлігінің жолаушысы Айдар Үрістімбетов түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Журналистің мәліметінше, күдіктінің қанынан 3,3 промилле этил спирті анықталған. Ол ішкі істер органдарында 15 жылдан астам уақыт қызмет етіп, полиция майоры шеніне дейін көтерілген.

Қазір аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабы («Көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

评论