Астанада өтіп жатқан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXVI съезінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.
Партия Құрылтай депутаттығына барлығы 69 кандидатты ұсынды. Олардың 71%-ы ер азаматтар, 29%-ы әйелдер. Сонымен қатар тізімге мүгедектігі бар 6 азамат енгізілген. Бұл жалпы кандидаттар санының 8,7%-ын құрайды.
Жас құрамы бойынша үміткерлердің басым бөлігі – 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтар. Олардың үлесі 56,5% болса, 25-35 жас аралығындағы жастардың үлесі 14,5% болды. Партия мәліметінше, кандидаттар еліміздің әр өңірі мен түрлі сала өкілдерінен жасақталған.
Съезде партия төрағасы Қайрат Айтуғанов форумға қатысу үшін барлық өңірде өткен партиялық конференцияларда 150 делегат сайланғанын айтты.
Партия төрағасының айтуынша, съезде партияның алдағы бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданады. Оның сөзінше, алда елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезең – кезекті электоралдық науқан тұр.
Кезектен тыс XXVI съезде партияның сайлауалды бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі және Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді.
