Тарихшы әрі жазушы Жұмабай Доспанов дүниеден өтті

162
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KiXwBgtJdqqmGRh2vGZulVVIoQ1ABvut5W8Zqpja.jpg

Қазақстанның белгілі әскери тарихшысы, жазушы, журналист, қоғам қайраткері және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Орынғалиұлы Доспанов дүниеден озды. Қайғылы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді, деп хабарлайды "Адырна".

Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы Жұмабай Доспановтың дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен оқырмандарына көңіл айтты.

Жұмабай Доспанов 1952 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Ол Атырау облысындағы Таңдай орта мектебінде білім алған. Еңбек жолында облыстық салалық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып, 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында елдегі демократиялық қозғалыстарға белсене қатысты. Осы кезеңде «Атырау демократияға жәрдемдесу орталығын» басқарып, тәуелсіз «Алтын ғасыр» газетінің негізін қалап, бас редакторы болды.

2011 жылдан бастап Жұмабай Доспанов әскери тарихты зерттеуге ден қойып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық майдангерлердің өмірі мен ерлігін мұрағаттық құжаттар негізінде зерделеді. Ол Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының материалдары арқылы бұрын белгісіз болып келген мыңдаған қазақ офицері мен 7 700-ден астам қазақстандық қыз-келіншектің майдандағы қызметін нақтылап, ғылыми айналымға енгізді.

Зерттеушінің еңбегінің нәтижесінде бірнеше іргелі ғылыми кітап жарық көрді. Солардың қатарында «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық еңбек ерекше орын алады. Онда 8 400-ден астам қазақ офицерінің әскери қызмет жолы құжаттық деректермен жүйеленген. Сондай-ақ «Совет Одағының Батыры атағы берілмеген қазақстандықтар» көптомдығында марапатқа ұсынылғанымен, түрлі себептермен жоғары атақ ала алмаған жауынгерлердің ерлігі архивтік құжаттар арқылы дәлелденген. Ал «Қару мен қалам» кітабында майдангер қаламгерлер мен офицерлердің жауынгерлік әрі шығармашылық жолы баяндалады.

Ғалым бұдан бөлек, подполковник және майор шенінде қызмет атқарған ондаған қазақ офицерінің, сондай-ақ мерген, ұшқыш, байланысшы, медицина қызметкері болған мыңдаған қазақстандық әйелдің тағдырын жеке зерттеген. Оның ұзақ жылдарға созылған «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасы Ұлттық құрылтайда жоғары бағаланып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай көптомдық жинақ ретінде әзірленді.

评论