Қосшының қалаға айналғанына – бес жыл: не өзгерді?

183
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eTk44VolRY8FUdTsZinmljttOPCMWu6GCntNCLwi.jpg

Қосшы қаласы өзінің алғашқы мерейтойын атап өтті. Осыдан тура бес жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен елді мекенге ресми түрде қала мәртебесі берілген болатын. Бүгінде Қосшы экономикасы қарқынды дамып, инфрақұрылымы  жаңарып жатқан, ең жылдам өсіп келе жатқан қалалардың біріне айналды.

Соңғы бес жыл ішінде Қосшы қаласының экономикасына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Қаражаттың басым бөлігі тұрғын үй құрылысына, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, жол желісін жаңғыртуға және әлеуметтік нысандар салуға бағытталды.

Мерейтой қарсаңындағы ең үлкен тарту – қаланы толық газдандыру жұмыстарының аяқталуы болды. Қала күні екінші және үшінші орталықтандырылған газбен жабдықтау кешендері ресми түрде іске қосылып, нәтижесінде қаланың барлық шағын аудандары мен 112 мың тұрғыны экологиялық таза отынға қол жеткізді.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қосшы қаласын дамытудағы маңызды кезеңдердің бірін жүзеге асырып отырмыз. Бүгін орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесі толық іске қосылды. Сонымен қатар мерейтой аясында мердігер компаниямен бірлесіп, Қосшы тұрғындарына газ есептегіш құралдарын тегін беру туралы шешім қабылданды, – деді өңір басшысы.

Қаланың бес жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мәдени бағдарлама тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Концертте жергілікті өнер ұжымдары өнер көрсетіп, мерекенің шарықтау шегі ашық аспан астындағы гала-концертке ұласты. Бас сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары – Нұрлан Өнербаев, аңызға айналған «МузАрт» тобы, композитор әрі әнші Ұлықпан Жолдасов, көрерменнің сүйікті әншісі Рахымжан Жақайым және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Мереке соңы әсерлі отшашумен аяқталды.

Айта кету керек, Қосшының әлеуметтік саладағы жетістіктері де қала тұрғындары үшін маңызды сыйға айналды. Бүгінде қалада үш ауысымды оқу мәселесі толық шешілді. Сонымен қатар тұрғындардың игілігіне бірегей қоғамдық мәдени-спорт орталығы пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында тәулігіне 1000 адам қабылдайтын заманауи көпсалалы «Viamedis» емханасының құрылысы аяқталып, жақын арада жаңа стационардың ашылуы жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары қаладағы инфрақұрылымдық мәселелер де кезең-кезеңімен шешілуде. Ондаған шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделді, ұзақ уақыт бойы аяқталмай тұрған тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді. Ал алдағы жоспарлар қатарында LRT желісінің екінші кезеңін іске қосу және жаңа білім беру мекемелерінің құрылысын жүргізу көзделген.

评论
其他材料