Экспорт қақпасы. КҚК қазақ мұнайын қайта жөнелте бастады

122
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Evu9SYq9zXMiP6CgbfreYSBpSHHyqX1F609h1dac.png

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы мұнай тиеуді қайта бастады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта мұнай КҚК-ның екі қалқымалы айлақ құрылғысы арқылы бір мезгілде тиеліп жатыр.

Қазір SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне «Теңізшевройл» ЖШС өндірген мұнай тиелуде.

Министрлік мұнай қабылдаудың қайта басталуы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және КҚК теңіз терминалы арқылы экспортты қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ терминалдағы жұмыстар қазіргі жағдай ескеріліп, барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Министрлік КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және өзге де қатысушылармен тұрақты байланыста екенін хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жағдайды бақылауды және қазақстандық мұнайды одан әрі тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылды үйлестіруді жалғастырады», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, 20 шілдеде КҚК теңіз терминалы маңында танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін мұнай экспортын тиеу уақытша тоқтатылған болатын.

Шабуыл кезінде Nordic Zenith, ASIA, NISSOS IOS және NELSA танкерлері терминалда болған. КҚК мәліметінше, бірнеше кеме мұнай тиеу барысында шабуылға ұшырап, өрт шыққан. Дегенмен адам шығыны мен мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілген жоқ.

Каспий құбыр консорциумы Батыс Қазақстандағы мұнай кен орындарын Новороссийск маңындағы теңіз терминалымен байланыстырады. Осы бағыт арқылы Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының 80 пайыздан астамы тасымалданады. Сондықтан құбыр немесе терминал жұмысындағы кез келген үзіліс мұнай өндірісі мен әлемдік нарыққа жеткізу көлеміне тікелей әсер етеді.

2026 жылдың маусым айында Теңіз кен орнындағы апат пен Ресей мұнайының көлемінің азаюына байланысты КҚК арқылы мұнай айдау көлемі мамырмен салыстырғанда 7 пайызға төмендеген болатын.

Консорциум Қазақстан мұнайын экспорттаудың басты бағыты саналады. Ол арқылы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының мұнайы шетелге жөнелтіледі.

Мұнай экспортындағы уақытша үзіліске байланысты Қазақстан мұнай өндіру көлемін қысқартуға мәжбүр болды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында КҚК теңіз терминалы арқылы 33,362 млн тонна мұнай жөнелтілген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 36,025 млн тоннаны құраған.

Каспий құбыр консорциумының ірі акционерлері қатарында Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), Chevron компаниясы (15%) және бірқатар жекеменшік компаниялар бар.

评论