ҚТЖ 131 жаңа вагон сатып алмақ

130
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mvmTAujSyW2ldIK8Hj6JML2fdd0hR1FM0RpA4T4u.jpg

Соңғы төрт жылда Қазақстанда жолаушылар пойыздарының паркі жаңартылып, 418 жаңа вагон сатып алынды. Жылжымалы құрамды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Жылжымалы құрамды жаңарту ішкі және халықаралық бағыттарды да қамтыған.

«Қазіргі уақытта жолаушылар вагондары паркі 2 159 бірлікті құрайды. 2022–2026 жылдар аралығында 418 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынып, олар Қазақстан ішіндегі және халықаралық бағыттардағы бірқатар маршруттарға жіберілді», – деп мәлімдеді «Қазақстан темір жолы» ҰК баспасөз қызметі.

Компания алдағы уақытта да паркті жаңартуды жоспарлап отыр. Биыл тағы 131 жолаушылар вагонын сатып алу туралы келісімшарт жасалған. Оларды жеткізу келесі жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Сонымен қатар 2030 жылға дейін тағы 557 жоғары технологиялық вагон жеткізіледі деп күтілуде.

Одан бөлек, жаңа локомотивтерді жеткізу жөнінде де келісімдер жасалған. Қазіргі таңда инвентарлық паркте 1 813 локомотив бар, олардың тозу деңгейі 46,2 пайызды құрайды. Компания алдағы жылдары техниканы едәуір жаңартуды көздеп отыр.

«2026–2036 жылдар аралығында 1 082 локомотив сатып алу жоспарланған. Бұл тозу деңгейін 29,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылдың басынан бері парк 144 заманауи техникамен толықтырылды», – делінген хабарламада.

Компания өкілдерінің айтуынша, техника мен инфрақұрылымды жаңарту жолаушылар ағынының артуына байланысты қажет болып отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша жолаушылар айналымы 5 млрд 544 млн жолаушы-шақырымды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары.

Компания теміржол тасымалына сұраныс алдағы жылдары да өседі деп болжап отыр.

«2027–2030 жылдарға арналған жоспар бойынша жолаушылар айналымын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Атап айтқанда, 2027 жылы көрсеткіш 12 млрд 58 млн жолаушы-шақырымға, 2028 жылы – 12 млрд 353 миллионға, 2029 жылы – 12 млрд 780 миллионға, ал 2030 жылы 13 млрд 279 млн жолаушы-шақырымға жетеді деп жоспарланып отыр», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Компанияда жолаушылар вагондары мен локомотивтер паркін жаңарту тасымал көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

评论