Halyk қоры «Болашақ ойындары – 2026» аясындағы фиджитал-баскетбол жарысын қолдайды

209
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Rv5i23So41SJsfvAW1ATejh5nt4fK97OneNau2s5.png

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Астанада өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі аясындағы фиджитал-баскетбол жарысын қолдайды. Турнирдің ресми бағдарламасында бұл бағыт Phygital Basketball presented by Halyk Fund атауымен ұсынылған.

Фиджитал-баскетбол бәсекелері 29 шілде мен 3 тамыз аралығында «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді. Жарысқа 16 команда қатысады. Қазақстан атынан GTB KZ және PBC Astana өнер көрсетеді. Олардың қарсыластарының қатарында Boca Juniors пен Valencia Basket секілді халықаралық клубтар бар.

Фиджитал-баскетбол цифрлық және дәстүрлі спортты бір жарыс аясында тоғыстырады. Әр матч цифрлық кезеңнен және нақты алаңдағы физикалық кезеңнен тұрады. Командалар алдымен баскетбол симуляторында 2×2 форматында ойнап, кейін бәсекені нақты алаңда 2×2 форматында жалғастырады. Қорытынды нәтиже екі кезеңде жиналған ұпайлардың қосындысы бойынша анықталады.

Бұл бастама Halyk қорының Қазақстандағы киберспортты жүйелі түрде қолдау жұмысының жалғасы. 2025 жылы қор Almaty Cyber Games Media & Cup және Almaty Cyber Games International турнирлерінің бас серіктесі ретінде қолдау көрсетті. 2026 жылы NNEF қоғамдық қорымен бірлесіп Qazaqstan Cyber Games Students League студенттік лигасын ұйымдастырды. Лиганың іріктеу кезеңіне еліміздің 100 жоғары оқу орнынан 1 500-ден астам студент қатысты. Жастар мен студенттерге арналған жобалар құрамына МУИТ (IITU), Astana IT University, ҚБТУ, UIB және Energo University кіретін University Alliance of Science and Technology альянсымен серіктестікте жүзеге асырылады. Halyk қоры киберспорттық жобаларды қаржыландырып, серіктестермен бірге олардың кәсіби деңгейде өткізілуіне атсалысады.

«Фиджитал-баскетболдың ерекшелігі – цифрлық шеберлік пен нақты спорттық дайындықты бір жарыс аясында ұштастыруында. Мұнда технология спорттың орнын баспайды, керісінше оны толықтырады. Қазақстандық командалардың өз алаңында халықаралық клубтармен бәсекеге түсуі отандық спортта жаңа форматтардың дамуына серпін береді», – деді Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүңкеев.

«Болашақ ойындары – 2026» турнирі Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. 50-ден астам елден келген 800-ден астам қатысушы сегіз бағыт бойынша бақ сынайды. Турнир дәстүрлі спорт, киберспорт және заманауи технологияларды бір алаңда тоғыстырады.



Halyk қоры туралы

Halyk қайырымдылық қорын Тимур және Динара Құлыбаевтар 2016 жылы құрған. Қор білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт, мәдениет, экология және инфрақұрылым бағыттарындағы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүйелі түрде қолдайды. Құрылған күннен бері қор 214-тен астам жобаны жүзеге асырды және 90,4 млрд теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетті.

评论