Орал теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды

221
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YEM82RwytOobMQLPIaVGb3zGmJKxCVkYnuwg1haY.jpg

Теміржол көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында күрделі жөндеуден өткен Орал теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Есқалиев, сала қызметкерлері мен ардагерлері, өңір тұрғындары мен қонақтары қатысты. 

Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев теміржолшыларды айтулы датамен, өңір жұртшылығын вокзалдың ашылуымен құттықтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында  «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен өңірдегі 4 теміржол вокзалын қайта жаңарту жұмыстары сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті. 

- Шыңғырлау, Тасқала аудандарында теміржол вокзалдары бастан-аяқ бұзылып жаңадан салынды. Ақсай қаласы мен облыс орталығындағы нысандар қайта жаңғыртылды. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет есебінен 7,6 млрд теңге жұмсалды. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалды. Сән-салтанаты келіскен ғимарат құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтаған мердігер компания ұжымына облыс жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін! Халық жаңа нысанның игілігін ұзақ уақыт көретініне сенім мол, - деді Нариман Төреғалиев.

Шарада теміржолшылар мен құрылысшылар Көлік министрі мен аймақ басшысының алғыс хаттарына ие болды.

Жаңғырған нысанда жолаушылардың қолайлылығы үшін 4 эскалатор, 3 жеделсаты орнатылып, заманауи конкорстық өткел салынды. Ана мен бала, қонақүй бөлмелері, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін де тиісті жағдай қарастырылды. Вокзалдағы барлық инженерлік инфрақұрылым желілері жаңартылды. Жергілікті бюджет есебінен ғимаратқа іргелес аумақ абаттандырылды.

Айта кетейік, Орал теміржол вокзалы арқылы 1 халықаралық, 3 облысаралық және 2 облысішілік тұрақты жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Жаңа ғимарат арқылы тәулігіне 1800 жолаушы және 7 жұп пойыз қатынайды.

评论
其他材料