Үлкен Алматы айналма автожолында жол жүру құны қымбаттайды

78
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QmKnQs2hTTZ29QXoQL8bHQUIKlgyqUAcYMsWHsha.webp

16 тамыздан бастап Үлкен Алматы айналма автокөлік жолымен (ҮАААЖ) жүру құны артады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл көлік министрі міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров қол қойған бұйрыққа сәйкес жүзеге асады. Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Жаңа тариф бойынша жеңіл автокөліктер үшін бір реттік жол жүру құны 0,14 айлық есептік көрсеткішті (605,5 теңге) құрайды. Бұған дейін бұл санаттағы көліктер үшін тариф 0,07 АЕК болған.

Сондай-ақ 16 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін жол ақысы – 692 теңге, 32 орынға дейінгі автобустар мен 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 1 211 теңге, 32 орыннан асатын автобустар мен 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін – 1 384 теңге болады. Ал жүк көтергіштігі 10-15 тонна аралығындағы жүк көліктері 1 730 теңге, 15 тоннадан асатын жүк көліктері, оның ішінде тіркемесі мен жартылай тіркемесі бар көліктер 1 903 теңге төлейді.

Министрлік мәліметінше, айлық және жылдық абонементтердің құны өзгеріссіз сақталады.

Сонымен қатар жүргізушілерге екі жағдайда жол жүру ақысына 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Жеңілдік ақылы жолға кіргенге дейін алдын ала төлем жасалғанда немесе жол ақысы жүйеде тіркелгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде төленген жағдайда қолданылады. Белгіленген мерзім өткеннен кейін жеңілдік берілмейді.

评论