Даркнетте 15 млн қазақстандықтың жеке деректері сатылымға шығарылғаны хабарланды

279
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/iIJAR8zxRxDkswptm2eHX3lxpCOH9wECUYkjuPSn.webp

Даркнетте 15 миллион қазақстандықтың жеке мәліметтері қамтылған деректер базасы сатылымға қойылды. Бұл ел халқының шамамен төрттен үшін құрайды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Mash-қа сілтеме жасап.

Сатушы аталған ақпаратты eGov мемлекеттік сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген.

Shymzz13 лақап атымен тіркелген қолданушы базаны 0,5 биткоинға, яғни шамамен 32 мың АҚШ долларына бағалаған. Көлемі 2,7 гигабайт болатын мұрағатта 47 миллион жол ақпарат сақталған. Оның ішінде жеке куәлік деректері, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары, жұмыс орындары, құжаттардың скан-көшірмелері және құпиясөздер бар.

eGov платформасында бұған дейін де түрлі ақаулар тіркелген. Тамыз айының басында кейбір пайдалануға өзге азаматтардың жеке парақшалары ашылған болатын. Ал көктемде қазақстандық қаржыгер портал арқылы компанияны тіркегеннен кейін бірнеше сағат өтпей жатып жарнамалық қоңыраулар ала бастағанын айтқан.

Маусым айында Жетісу облысында 16 миллионға жуық қазақстандықтың жеке деректері сақталған база тәркіленген еді. Тергеу мәліметінше, коллекторлық агенттік қызметкерлері азаматтардың ЖСН-і, телефон нөмірлері мен тұрғылықты мекенжайлары туралы ақпаратты заңсыз пайдаланған.

Киберқауіпсіздік саласының мамандары бұл деректер базасын алаяқтықпен айналысатын колл-орталықтар сатып алуы мүмкін деп алаңдайды. Бұған дейін алаяқтар Қазақстанды Ресеймен шатастырып, Павлодардағы зейнеткерлерді алдап, банк ғимаратында жарылыс жасауға итермелеген еді.

Үкіметтің есептік отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев eGov 3.0 порталының жаңартылған нұсқасы іске қосылғанын хабарлаған. Оның айтуынша, жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің шамамен 70 пайызы eGov GPT интеллектуалды көмекшісі арқылы қолжетімді болады.

评论