Ұлытау облысында күкірт қышқылы цехы салынады

236
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kepmCFwxOZw9UlHfmRsLg81bsj7T2MHsqedS7sdH.jpg

«Қазақмыс» корпорациясы мен шетелдік China National Chemical Engineering (CNCEC) компаниясы Жезқазған мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын салу туралы меморандумға қол қойды.

Маңызды құжатқа қол қою рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі және CNCEC Директорлар кеңесінің төрағасы Бао Гуандун қатысты.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 213,76 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаны іске асыру кәсіпорынды экологиялық және технологиялық жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің біріне айналып, Жезқазған қаласына түсетін экологиялық жүктемені едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

«Бұл – Жезқазғандағы экологиялық жағдайды жақсартуға, шығарындыларды азайтуға және өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға бағытталған ауқымды жоба. Жоба Үкіметтің қолдауымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлытау өңірін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда», – деді Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен.

Жоба жаңа күкірт қышқылы өндірісін салумен қатар, технологиялық газдарды ұстау және тазарту жүйесін жаңғыртуды көздейді. Жаңа жүйе технологиялық процестерді автоматтандыру мен бақылаудың заманауи құралдарымен жабдықталады.

Жоба іске асырылғаннан кейін технологиялық газдарды ұстау деңгейі 99%-ға дейін жетеді. Бұл өндіріс шығарындыларын айтарлықтай азайтып, қоршаған ортаға түсетін әсерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Нысанды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланып отыр.

 

评论
其他材料