Маңғыстауда 10 мың орындық заманауи стадионның құрылысы басталды

243
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tMl3Fk3N5ADl1MxgWVqzFjMaB7qAZTNsbJnGi9zw.jpg

Бүгін, 19 тамызда Ақтау қаласында жаңа көпфункционалды стадион құрылысының басталуына арналған рәсім өтті. Болашақ нысанның іргетасына уақыт капсуласы салынды. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, жеңіл атлетикадан КСРО чемпионатының чемпионы әрі жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Әмен Тұяқов, спорт ардагерлері, спорт саласының және қоғам өкілдері, жаттықтырушылар, спортшылар, спорт ұйымдарының басшылары мен құрметті қонақтар қатысты.

Жаңа стадион өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың біріне айналады. Заманауи арена футболды дамытуға, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге, сондай-ақ жас спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.

Кешеннің жалпы аумағы 17,29 гектарды құрайды. Негізгі стадион 10 мың көрерменге арналған.

Өлшемі 105×68 метр болатын футбол алаңы табиғи көгалмен жабдықталып, жылыту жүйесімен және жерасты дренажымен қамтамасыз етіледі. Мұнда ұлттық және халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын өткізу жоспарлануда.

Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сәйкес стадион 5-санатқа, ал UEFA стандарттары бойынша 4-санатқа сай болады.

Кешен құрамында жас спортшыларды жүйелі түрде даярлауға арналған футбол академиясы қарастырылған. Мұнда жаттығу, білім алу, тұру, медициналық сүйемелдеу және қалпына келу үшін қажетті жағдайлар жасалады. Академияда 40 адамға арналған жатақхана, асхана, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдар, медициналық және қалпына келтіру блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-зал болады.

Сонымен қатар кешен аумағында екі жаттығу алаңы салынады. Көлемі 60×40 метр болатын бірінші алаң 600 көрерменге арналған трибунамен, ал 40×20 метрлік екінші алаң 400 көрерменге арналған трибунамен жабдықталады.

«Бүгін біз жай ғана жаңа спорт нысанының емес, Маңғыстаудың болашақ жеңістерінің негізін қалап отырмыз. Жаңа стадион футболды дамытуға, жас спортшыларды даярлауға және жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған заманауи алаңға айналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, балалар мен жастарға қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осындай жобаларды жүзеге асыру — осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі. Маңғыстау чемпиондар тәрбиелей алатынын талай мәрте дәлелдеді. Жантілек Нұртілепұлының «Қазақстан Барысы» турниріндегі жеңісі өңіріміздің спорттық әлеуетінің жарқын дәлелі болды. Жаңа стадион мен футбол академиясы өскелең ұрпақтың талантын ашуға мүмкіндік беріп, Маңғыстауға әлі талай үлкен жеңіс әкелетініне сенімдімін. Біздің мақсатымыз — өңірде болашақ чемпиондар мен халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғайтын спортшылар қалыптасатын мықты спорттық орта құру», — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Жоба аясында автотұрақ аймақтарын, бақылау-өткізу пункттерін, инженерлік және қосалқы нысандарды салу да көзделген.

Стадионның сәулеттік тұжырымдамасы заманауи стильде әзірленіп, Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау қаласының өзіндік ерекшелігін айшықтайды. Нысанның сәулеттік келбетінде өңірге тән бейнелер мен нақыштар көрініс тауып, «Каспий інжу-маржанының» заманауи бейнесі қалыптастырылады. Көрермендер трибуналары жабық болады, ал ғимараттың қасбеті кешкі уақытта сәулеттік-декоративтік жарықтандырумен безендіріледі.

Жаңа стадион Маңғыстау облысының спорттық инфрақұрылымындағы маңызды нысандардың біріне айналып, өңір футболын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Заманауи арена, футбол академиясы мен жаттығу базасы жас спортшыларды даярлауға, ірі жарыстар өткізуге, сондай-ақ өңірдегі бұқаралық және кәсіби спортты одан әрі дамытуға жағдай жасайды.

评论
其他材料