Аралдың екінші апаты. Тартылған теңіздің табиғаты – Арғы жағадан көзқарас

238
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/DWcTZE8QWBGZudZBQSSfkoE3oe2tUgrARbKEhswd.jpg

Фото: ЖИ көмегімен

1978 жылдан бері қыркүйек айында Әлемдік теңіз күні аталып келеді. Ғасыр апатына айналған Арал теңізінің құстар дүниесі қандай, бір кездегі алып су айдынының оңтүстік жағасынан не хабар, орнитотолог көзімен баяндалады.  

Арал теңізі тартылды деген сөзді біз ондаған жылдан бері айтып келеміз. Бірақ Арал мәселесі өткен шақтың трагедиясы емес. Теңіз тартылды, оның экологиялық салдары зардапқа ұрындырды. Бір кездері су шайып жатқан аумақтың орнында бүгінде Аралқұм шөлі жатыр. Бұрын теңіз болған жерде шаң көтеріліп, тұз ұшады, су айдындары тартылып, тіршілік ету ортасы өзгерді.

Арал апатының ең қауіпті тұсы да осында: біз теңіздің жоғалуын бір нүктеде болған тарихи оқиға ретінде қабылдауға бейімбіз. Ал шын мәнінде бұл – әлі жалғасып жатқан экологиялық процесс.

Оның салдарын теңіз орнындағы биологиялық орта тынысы, құстардың ұшу жолынан, көлдердің су деңгейінен, балықтардың санынан, сексеуілдің тамыр жаюынан және жергілікті халықтың күнделікті өмірінен көруге болады.

Оңтүстік Арал өңірін 15 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келе жатқан зоолог, қарақалпақстандық орнитолог, биология ғылымдарының докторы (DSc), профессор Исламбек Арепбаев үшін бұл өзгерістер статистика немесе ғылыми есеп қана емес. Ол Арал маңын жылдар бойы далалық экспедициялар арқылы бақылап, табиғаттың көз алдында өзгеріп жатқанын көріп келеді.

Суретте Исламбек Арепбаев (жеке мұрағатынан)

Исламбек Арепбаевтың ғылымға келуі кездейсоқ емес. Ол ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі – белгілі зоолог ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор. Болашақ ғалым бала күнінен әкесімен бірге экспедицияларға қатысып, құстар әлемін зерттеуге қызығушылық танытқан.

Кейін Қарақалпақ мемлекеттік университетінде білім алып, студенттік жылдары Өзбекстан Құстарды қорғау қоғамы - OTUS орнитологиялық клубының құрамында ондаған ғылыми экспедицияға қатысты. Магистрлік және докторлық зерттеулерін Арал өңірінің құстары мен олардың паразиттеріне арнаған ғалым теңіздің Қарақалпақстан жағалауы мен Оңтүстік Арал аймағын зерттеуді жалғастырып келеді.

СУ АЗАЙДЫ – ЭКОЖҮЙЕ ӨЗГЕРДІ 

Ғалымның айтуынша, соңғы он бес жылда өңірдегі ең үлкен өзгеріс – су ресурстарының азаюы.

«Бұрын тұрақты суы болған көптеген көлдердің деңгейі төмендеп, кейбірі мүлде құрғап қалды. Соның салдарынан топырақтың тұздануы күшейіп, сулы-батпақты экожүйелердің аумағы қысқарып жатыр. Бұл өзгерістер жануарлар дүниесіне де айтарлықтай әсер етті. Су айдындарына тәуелді кейбір балық түрлерінің саны күрт азайды, ал кейбір түрлері соңғы жылдары мүлде кездеспейтін болды. Су құстарының да жекелеген түрлерінің саны төмендеп келеді, өйткені олардың ұялайтын, қоректенетін және тынығатын мекендері азайып барады», - дейді ол.

Ғалым климаттың өзгеруі мен антропогендік қысым табиғатқа қосымша салмақ түсіріп отырғанын айтады. Соған қарамастан, Оңтүстік Арал өңірі әлі де Орталық Азиядағы биоалуантүрлілігі жоғары маңызды табиғи аумақтардың бірі болып қала береді.

«АРАЛ АЛБЫРТЫ ТОЛЫҚ ЖОЙЫЛЫП КЕТТІ» 

Исламбек Арепбаев Арал мәселесін тек теңіздің жоғалуымен байланыстыру жеткіліксіз дейді.

«Арал апаты – бүкіл табиғи экожүйеге әсер еткен ірі экологиялық дағдарыс», - дейді ғалым.

Оның айтуынша, Арал албырты табиғаттан толық жойылып кеткен. 

«Арал бассейніндегі кейбір балық түрлері табиғаттан жоғалды. Мысалы, Арал албырты (Salmo trutta aralensis)  жойылып кетті. Арал бекіресі (Acipenser nudiventris), үлкен күректұмсық (Pseudoscaphirhynchus kaufmanni) және кіші күректұмсық (Pseudoscaphirhynchus hermanni) секілді түрлер аса сирек кездесетін деңгейге түсті. Бұған судың азаюы ғана емес, тұздылықтың артуы да әсер етті. Сарықамыс көлінің тағдыры – соның бір мысалы. Бұрын балық шаруашылығы жақсы дамыған бұл су айдынының Қарақалпақстан аумағындағы бөлігінде судың тұздылығы артып, балық қорына қысым күшейіп отыр. Ал балық азайса, онымен қоректенетін құстар да қиындыққа тап болады”,- дейді маман.

Балық қорының кемуі қызғылт және бұйра бірқазан, қасықтұмсық, кіші баклан, аққұйрық субүркіт, балықшы тұйғын сияқты балықпен қоректенетін құстардың тіршілігіне де әсер еткен.

Су тапшылығы шөл жануарларының да өмір сүру жағдайын күрделендірген. Үстірт арқары, қарақұйрық, құлан, ақбөкен секілді жануарлар үшін су көздерінің азаюы негізгі қауіптердің біріне айналған.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Арал теңізінің тартылуы туралы сөз болғанда көбіне су мен балық мәселесі айтылады. Бірақ орнитолог үшін апаттың ауқымы әлдеқайда кең.

«Арал апатын тек теңіздің тартылуы немесе балықтардың азаюы деп қарастыру дұрыс емес. Бұл – бүкіл табиғи экожүйе мен биоалуантүрлілікке әсер еткен ірі экологиялық дағдарыс»,- дейді Исламбек Арепбаев.

Ғалымның айтуынша, сүтқоректілердің де тіршілік ортасы өзгеріп жатыр.

«Сүтқоректілер де бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Үстірт арқары (Ovis vignei arcal), қарақұйрық (Gazella subgutturosa), түркмен құланы (Equus hemionus kulan), ақбөкен (Saiga tatarica), ұзын инелі кірпі (Hemiechinus hypomelas), түркмен қарсағы (Vulpes corsac turkmenica) және басқа да шөл жануарларының тіршілік ортасы өзгеруде. Әсіресе су көздерінің азаюы Үстірт жазығында мекендейтін жануарлардың ауызсуға қол жеткізуіне кері әсер етіп отыр», - дейді орнитолог.

СЕКСЕУІЛ ШӨЛДІ ҚАЙТА ТІРІЛТЕ АЛА МА?

Соңғы жылдары Өзбекстанда Арал теңізінің құрғаған табанын сексеуілмен көгалдандыру кең көлемде жүргізіліп келеді.

Исламбек Арепбаев бұл жобалардың ғылыми тұрғыдан нақты нәтиже бере бастағанын айтады.

Экспедициялар барысында сексеуіл алқаптарына орнатылған жасанды ұялардың басым бөлігін құстар мекендегені анықталған. Сонымен қатар отырғызылған сексеуілдің тұқымдары табиғи жолмен таралып, жаңа өскіндер пайда бола бастаған.

«Қазіргі кезде кейбір жыртқыш құстардың да сексеуіл алқаптарында ұя салып, сәтті көбейіп жатқаны байқалуда. Бұл табиғи қоректік тізбектің және шөл экожүйесінің біртіндеп қалпына келе бастағанының белгісі. Сонымен қатар, сексеуіл алқаптары Арал теңізінің құрғаған табанынан жел арқылы көтерілетін шаң мен тұз бөлшектерін ұстап қалатын табиғи тосқауыл қызметін атқарады. Соның нәтижесінде жел эрозиясы азайып, қоршаған ортаға келетін кері әсер де төмендейді», - дейді ғалым.

«АРАЛДЫҢ БОЛАШАҒЫНАН ҮМІТ БАР»

Исламбек Арепбаев Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру қиын екенін жасырмайды. Бірақ ол өңірдің табиғи экожүйелерін сақтап қалуға толық мүмкіндік бар деп есептейді.

«Арал өңірінің болашағынан үміт бар. Әрине, бүгінгі жағдайда Арал теңізін бұрынғы қалпына толық қайтару өте күрделі міндет деп есептеймін. Сондықтан негізгі назарды қазіргі сақталып тұрған табиғи экожүйелерді, көлдер мен басқа да су айдындарын қорғауға аудару қажет. Себебі дәл осы аумақтар Арал өңірінің биоалуантүрлілігін сақтауда шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар, жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар түрлерін сақтау үшін арнайы жануарлер мен көбейту орталықтарын құру маңызды», - дейді ол.

Ғалымның пікірінше, ең алдымен сақталып қалған көлдерді қорғап, оларды тұрақты сумен қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін ұлғайтып, ғылыми мониторингті күшейту маңызды.

«ТАБИҒАТ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ТАНЫМАЙДЫ»

Ғалым халықаралық ынтымақтастықтың маңызына ерекше тоқталды. Қазір ол Қарақалпақстандағы бірнеше көлді Рамсар конвенциясының халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізіміне енгізу бағытында ғылыми негіздемелер дайындап жатыр.

«Қазіргі таңда биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған Рамсар конвенциясы, CITES конвенциясы және басқа да көптеген халықаралық келісімдер бар. Осындай халықаралық тетіктер табиғи аумақтарды қорғауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және табиғатты қорғау жұмыстарын күшейтуге қосымша мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мен де Қарақалпақстандағы бірнеше көлді Рамсар конвенциясының халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізіміне енгізу үшін ғылыми негіздемелер дайындап, тиісті ұсыныстар беріп жүрмін. Егер бұл көлдер халықаралық мәртебеге ие болса, оларды қорғау деңгейі күшейіп, ғылыми мониторингті кеңейтуге және халықаралық жобаларды тартуға жаңа мүмкіндіктер ашылады», - дейді ғалым.

Оның ойынша, халықаралық ынтымақтастық тек қаржылық қолдаумен ғана шектелмеуі керек.

«Ең бастысы – ғалымдар арасында тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және табиғатты қорғаудың тиімді тәсілдерін бірге әзірлеу. Өйткені табиғат мемлекеттік шекараны білмейді. Сондықтан Арал өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау да халықаралық ынтымақтастық арқылы әлдеқайда нәтижелі болады деп сенемін», – дейді Исламбек Арепбаев.

Арал теңізін толық қалпына келтіру әзірге мүмкін болмаса да, оның айналасындағы табиғи экожүйелерді сақтау, көлдерді қорғау, сирек кездесетін жануарларды көбейту және ғылыми зерттеулерді жалғастыру – өңірдің болашағы үшін ең маңызды міндеттердің бірі. Ғалымның айтуынша, бүгін қабылданатын шешімдер келешек ұрпаққа қандай Аралды қалдыратынымызды айқындайды.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна”






评论
其他材料