Депутат треш-стримингке заңнамалық жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

134
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/urxZIBASTtkPRjaVs9R4S8pWlxAX8NmkMVOXcVCU.webp

Қазақстанда әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерде қорлау, балағат сөздер айту, қауіпті пранктер ұйымдастыру және әдейі арандатушы контент тарату жағдайлары жиілеп барады. Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы осы мәселеге назар аударып, Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.
 

Депутат Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған депутаттық сауалында әлеуметтік желілердің қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, TikTok, Instagram және басқа да платформаларда тікелей эфирлердің аудиториясы жылдан жылға артып келеді.
 
Алайда цифрлық кеңістіктің дамуымен қатар оның көлеңкелі тұстары да байқала бастаған.
 
«Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады», – деді депутат.
 
Оның пікірінше, осылайша заңға қайшы әрекеттер кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр.
 
Депутат бұл мәселенің «Әділет» партиясы өкілдерінің сайлауалды кездесулері кезінде азаматтар тарапынан да жиі көтерілгенін айтты.
 
Құқыққа қайшы контент үшін жауапкершілік
 
Жарқынбек Амантайұлы Ішкі істер министрлігі мұндай фактілер бойынша бірқатар шара қабылдағанын атап өтті. Оның сөзінше, құқыққа қайшы контент таратқан кейбір әлеуметтік желі қолданушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
 
«Бұл – мәселенің бар екенін көрсететін нақты дерек», – деді депутат.
 
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтқан «Заң мен тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де толық сақталуы тиіс екенін атап өтті.
 
«Заң мен тәртіптің талабы цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты орындалуы керек. «Әділет» партиясы осыған ерекше мән береді», – деді ол.
 
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып келеді. Кейбір стримерлер аудиторияны көбейту үшін әдейі жанжал ұйымдастырып, адамдарды мазақтап, қорлайды. Тіпті тікелей эфир барысында қоғамда қабылданбайтын анайы әрекеттерге баратын жағдайлар да кездеседі.
 
Мұндай контентті бір мезетте әртүрлі жастағы, оның ішінде кәмелетке толмаған мыңдаған адам көруі мүмкін.
 
Шетелдік тәжірибе де назардан тыс қалмауы керек
 

Депутат мысал ретінде Қытайда пранк жасағаны үшін Қазақстан азаматының жауапкершілікке тартылған жағдайын келтірді. Оның айтуынша, көпшілік назарын аудару мақсатындағы мұндай әрекеттер Қазақстанның абыройына нұқсан келтіруі мүмкін.
 
Сонымен қатар депутат АҚШ пен Еуропалық Одақтағы цифрлық кеңістікті реттеу тәжірибесіне тоқталды.
 
Атап айтқанда, АҚШ-та Федералдық сауда комиссиясы (FTC) цифрлық жарнамадағы ашықтыққа және жарнамалық контентті тиісті түрде белгілеуге талаптар қояды. Ал Еуропалық Одақтың Digital Services Act (DSA) құжаты платформалардың заңсыз контентке қатысты жауапкершілігін және пайдаланушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейткен.
 
«Яғни бұл – құқықтық жауапкершілік пен коммерциялық мүдде тоғысқан жаңа цифрлық ортаға айналып отыр», – деді Жарқынбек Амантайұлы.
 
Сонымен бірге депутат ұсыныстар сөз бостандығын шектеуге бағытталмағанын баса айтты.
 
«Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек», – деді ол.
 
Депутат Үкіметке төрт ұсыныс жасады
 
Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы Үкіметтен:
 
1. «Треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді;
2. TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және олардың авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін қалыптастыруды;
3. Азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығару, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді;
4. Тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беруді ұсынды.
 
Депутаттың пікірінше, әлеуметтік желілердегі аудитория мен коммерциялық белсенділік өскен сайын цифрлық кеңістіктегі жауапкершілік мәселесі де өзекті бола түседі. Сондықтан заң талаптарының онлайн ортада да нақты орындалуы маңызды.

评论