SuperSki аумағындағы тарихи мұра қалай қорғалады?

209
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Z2kovg3bygSin19ZOspHSkszS3PMC5hr1eiuskO5.webp

Almaty SuperSki жобасын іске асыру кезінде тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Құрылыс жұмыстары басталмас бұрын жоба аумағында археологиялық зерттеу жүргізіліп, тарихи нысандар анықталған. Бұл туралы Ерлан Әміров мәлімдеді.

Оның айтуынша, құрылысқа арналған аумақта алдын ала археологиялық зерттеу жүргізу – қалыптасқан халықаралық тәжірибенің бір бөлігі. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – жер қазу жұмыстары басталғанға дейін тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау және оларды қорғау шараларын белгілеу.

– Жобаны іске асыру аясында стандартты тәжірибеге сәйкес алдын ала археологиялық жұмыстар жүргізілді. Оның барысында тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау жұмыстары атқарылды. Археология институты осы зерттеулерді жүргізіп, құрылыс аумағында орналасқан нысандарды анықтады. Оларға қатысты тиісті техникалық құжаттама әзірленіп, тапсырыс берушіге тапсырылды. Бұл материалдар жобада ескерілді, – деді Ерлан Әміров.

Спикердің сөзінше, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары анықталған тарихи нысандардың қорғау аймақтарын ескере отырып жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, кампус жобасы аясында құрылыс аумағымен қабаттасатын археологиялық нысандар толық зерттелген. Зерттеу қорытындысы бойынша тиісті құжаттар әзірленіп, қазір қорытынды есеп қалыптастырылып жатыр.

Заңнама талаптарына сәйкес сақталуы тиіс нысандар үшін арнайы қорғау аймақтары бекітілген. Олардың аумағына арнайы белгілер қойылып, бұл жерлерде тарихи мұраға зиян келтірудің алдын алу шаралары қарастырылған.

– Құрылыс аумағымен қабаттасатын нысандар толық зерттелді. Заңнамаға сәйкес сақталуы тиіс нысандар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Қорғау аймақтары әзірленіп, арнайы белгілермен белгіленді. Бұл ықтимал бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді спикер.

Оның сөзінше, бұл жұмыста Археология институтының міндеті – жобаның тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету.

Ерлан Әміров археологиялық зерттеулердің тағы бір маңызды мәні – құрылыс жүргізілетін аумақтарда тарихи мұраны сақтауға мүмкіндік беру екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл тәсіл халықаралық археологиялық тәжірибеде де кеңінен қолданылады.

Яғни, SuperSki жобасы аясында аумақты игеру мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері қатар қарастырылып отыр. Құрылыс басталғанға дейін анықталған нысандардың қорғау аймақтары белгіленіп, олардың сақталуына бағытталған шаралар қабылданған.

评论
其他材料