Иранмен байланысы үшін. АҚШ ВТБ банкіне жаңа санкциялар енгізді

153
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JGi25o6fmjVwOdyovvpLFNR5tqWm4Zf7BTP7iRKw.jpg

АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің ВТБ банкіне қарсы жаңа санкциялар енгізіп, оны Иранға халықаралық шектеулерді айналып өтуге көмектесті деп айыптады. Шешім 14 қыркүйекте Иранның қаржы секторына қатысты санкциялық режим аясында қабылданған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда ВТБ Иранда банк кеңселерін ашып, санкцияға іліккен ирандық банктермен корреспонденттік қатынастар орнатқан және Мәскеу мен Тегеран арасындағы қаржылық арналарды құруға қатысқан. Сондай-ақ америкалық ведомствоның дерегіне сәйкес, банк ресейлік рубль мен ирандық риал арқылы есеп айырысу жүйесін қалыптастырып, бұғатталған ирандық активтердің миллиардтаған долларын жылжытуға әрекет жасаған.

Жаңа шектеулер Иран экономикасының жекелеген салаларына, соның ішінде қаржы секторына қатысы бар тұлғалар мен ұйымдарға санкция салуға мүмкіндік беретін Executive Order 13902 жарлығы негізінде енгізілген. АҚШ Қаржы министрлігі ВТБ-ға Иранға қатысты санкциялық режим қолданылғаннан кейін де онымен жұмысын жалғастыратын шетелдік қаржы ұйымдары екінші деңгейлі санкцияларға ұшырау қаупі жоғары екенін ескертті.

«Экономикалық оқшаулау» операциясы аясында Қаржы министрлігі Иран режимінің террористік қызметін қолдауға мүмкіндік беретін материалдық, технологиялық немесе қаржылық көмек көрсететін тұлғалардың қызметін анықтап, оған тосқауыл қоюды жалғастырады. Біз режимді қолдаудың кез келген түріне қарсымыз және Иранға жәрдемдесушілерді әшкерелеу мен оқшаулауды жалғастырамыз», – деді АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент.

Айта кетейік, ВТБ банкі бұған дейін де Украинадағы соғыс басталғаннан кейін АҚШ енгізген бұғаттаушы санкциялар тізіміне енгізілген болатын. Сол кезде «ВТБ банк (Қазақстан)» АҚ еншілес ұйымы да санкцияға ілігіп, оның активтері мен мүліктік мүдделері бұғатталатын компаниялар қатарына қосылған.

Сонымен қатар «ВТБ банк (Қазақстан)» АҚ Еуропалық одақ кеңесінің 19-санкциялар пакетіне де енгізілген.

Соған қарамастан, ВТБ (Қазақстан) Қазақстан нарығында екінші деңгейлі банк ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Банктің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, оның ел бойынша 12 филиалы бар. Қаржы ұйымы Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Орал, Шымкент және Өскемен қалаларында қызмет көрсетеді. Бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

相关新闻

评论
相关新闻
其他材料