Түркістан облысының әкімі қазыналы қарттармен бірге бір күн өткізді

174
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QHorEQJ6v8LBAWgsKMVgkYjCOo0bUBFPUhjxaAtS.jpg

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Халықаралық қарттар күніне орай өңірдің ардагерлерімен мерекелік күнді бірге өткізді. 

Таңғы зияраттан басталған жүздесу мерекелік шараға жалғасып, облыс әкімі күні бойы аға буын өкілдерінің ортасында болды. Ардагерлермен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, ақ батасын алды.

Мерекелік күн Түркістанның төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ардагерлерді тарихи кесене алдында қарсы алып, аға буын өкілдерімен бірге зиярат жасады. Қасиетті мекенде 50 ардагердің қатысуымен Құран бағышталып, елдің амандығы, халықтың бірлігі мен ұрпақтың болашағы үшін дұға жасалды. Түркістанның рухани өзегінде өткен бұл сәт мерекелік күннің мазмұнына ерекше мән қосты.

Кесенеден кейін ардагерлер мен облыс әкімі «Қолөнершілер» орталығына бет алды. Мұнда олар жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылған жәрмеңкені аралады. Ағаш пен темір өңдеу, зергерлік өнер және дәстүрлі қолөнер бағытында еңбек етіп жүрген шеберлердің жұмыстарымен танысты. Ардагерлер ұлттық ойындарға да белсене қатысып, асық атып, ләңгі теуіп, садақ атты. Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын орталықта аға буын өкілдері жас шеберлермен әңгімелесіп, қолөнерді кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталды.

Мерекелік күннің келесі аялдамасы – Түркістан музыкалық драма театры. Ардагерлер облыс әкімімен бірге театр сахнасындағы «Вальс королі» қойылымын тамашалады. Өнер ордасындағы жүздесу аға буын өкілдерінің рухани тынығуына мүмкіндік беріп, мерекелік көңіл күйді айшықтай түсті.

Театрдан кейін облыс әкімі мен ардагерлер келесі іс-шара өтетін орынға қоғамдық автобуспен бірге барды. Жол үстінде аға буын өкілдерімен еркін әңгіме өрбіді. Қариялар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, елдегі өзгерістер мен Түркістанның бүгінгі келбеті жөнінде пікір алмасты.

Күннің негізгі бөлігі «Қарттарым – қазынам» атты мерекелік шараға ұласты. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, елдің өсіп-өркендеуіне аға буын өкілдерінің қосқан үлесін атап өтті.

– Қариясын құрметтеу – қазақтың қанына сіңген қасиет. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген тәмсіл де осыдан шықса керек. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Бүгінгі бейбіт өмір мен ел жетістіктерінде сіздердің еңбектеріңіз зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аға буынның айрықша орнын атап өтіп, ардагерлерге құрмет көрсету мен қамқорлық жасауды маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Бұл – халқымыздың ғасырлардан жалғасқан асыл дәстүрі. Аға буынның өнегесін дәріптеп, олардың елге сіңірген еңбегін бағалау – кейінгі ұрпақтың парызы. Сіздер – елдің өткенін бүгінмен жалғап отырған алтын көпірсіздер. Әрдайым ортамызда аман-есен жүріңіздер, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Мерекелік жиында бірқатар ардагерге арнайы марапаттар табысталды. Іс-шара барысында жас ұрпаққа өнегелі еңбек жолымен үлгі болып жүрген тыл еңбеккерлері, облысқа еңбегі сіңген еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Ұрпақ сабақтастығы: Ардагерлер өнегесі» тақырыбында сөз сөйлеп, елдің бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы аға буынның рөліне тоқталды.

Қарияның батасын алу, оның өмір жолын тыңдау, ақылын арқау ету – ұрпақтар арасындағы алтын көпірді бекемдей түсетін игі дәстүр. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Сондай-ақ облыс әкімі бірнеше қарияның шаңырағына арнайы барып, сәлем беріп, ақсақалдардың ақ батасын алды.

Бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азамат бар. Өңірде 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 145 тыл еңбеккері тұрады. Сондай-ақ облыста 100 жастан асқан 39 қария бар. Түркістан облысында ардагерлер мен зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау, олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын шамамен 7,8 мың ардагер облыстағы екі ардагерлер үйінде 14 күн көлемінде сауықтыру және демалу қызметтерімен қамтылады. Сонымен қатар өңірдің барлық аудан-қалаларында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтарда жыл сайын 15 мыңға жуық зейнеткер түрлі қызмет түрлерімен қамтылуда.

评论
其他材料