95 жыл бұрын. Шәкәрімді атқандар ақын мәйітін құр құдыққа тастады

157
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2N0cyVMmZKBQ17Z28BhvCS1DGj1gKefsEIeh6AuL.jpg

Осыдан 95 жыл бұрын, 1931 жылғы 2 қазанда қазақтың ұлы ойшылы, ақын әрі философы Шәкәрім Құдайбердіұлы қаза тапты.

Ақын өзі туған, тұрған Семей аймағындағы Шыңғыстауда Керегетас жайлауының маңында жазалаушы отрядтың қолынан оққа ұшты. Сол кездегі биліктің жендеттері қарт ақынның мәйітін көмусіз қалдырып, құр құдыққа тастап кетті. 30 жыл құдықта жатқан ақын денесін кейін ұлы Ахат қазып алып, Абай зиратының маңына жерледі. Қазақстан тәуелсіздікке ие болған соң Жидебайдағы Абай зиратының совет кезіндегі нұсқасы бұзылып, орнына Абай-Шәкәрім кешені салынды.

Шәкәрімнің өліміне қатысты нақты деректер ұзақ уақыт бойы жабық сақталып, оқиғаның мән-жайы туралы түрлі нұсқалар тарады.

1963 жылы Абай аудандық партия комитеті жанынан Шәкәрімнің өлімін зерттеу үшін арнайы комиссия құрылып, үш ай ішінде 300-ге жуық адамнан мәлімет жиналған. Сол куәліктердің ішінде оқиғаға қатысқан Айтмырза Түңлікбаевтың жазбалары да бар.

Куәгерлердің айтуынша, Шәкәрім қарулы топпен бірге келе жатқан деген күдікпен атылған. Ол өзін танытып, қолын көтеріп, атысты тоқтатуды сұраған. Алайда оқ атылып, ақын атынан құлап түскен.

Шәкәрімнің өліміне қатысты тағы бір маңызды деректі Бердеш Әзімбайұлы жеткізген. Оның айтуынша, алғашқы екі оқтан кейін Торжорға құлап, Шәкәрім орнынан тұрып, қолын жоғары көтерген. Артынша үшінші оқ атылып, ақынның қолы сылқ түскен.

Зерттеушілер мен куәгерлердің естеліктеріне сүйенген бірқатар еңбектерде Шәкәрімге атылған соңғы оқты жазалаушы отрядтың командирі Абзал Қарасартов шығарған деген тұжырым айтылады. Дегенмен оқиғаның барлық мән-жайы тарихи деректерде әртүрлі баяндалып келеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы қазақ әдебиеті мен руханиятында айрықша орын алады. Ол поэзия, философия, тарих және аударма салаларында мол мұра қалдырды.

Ғұмырының соңына дейін адамгершілік, әділет пен ар-ожданды жоғары қойған ойшылдың есімі бүгінде қазақ халқының рухани тарихымен тығыз байланысты.

评论