90-ға жуық итке көмек қажет. Алматы маңында жануарлар панажайының иесін өлтіріп кеткен

107
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oAdMQkUJIHLbIJDktB084MeWVNUlij9d0z45tFKy.jpg

Алматы облысында «Dog House – Твардовский дом» жануарлар панасын құрған Владимир Тепляковтың қаза тапқаны ресми түрде расталды. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Baq.kz сайтына сілтеп.

Полицияның хабарлауынша, 2026 жылғы 7 қазанда ер адамның өлтірілуіне байланысты қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтап, ұстауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Ведомство өкілдері оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екені айтылды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Владимир Тепляковтың өлімі туралы хабар тараған еді. Кейбір жарияланымдарда оның оққа ұшқаны жөнінде ақпарат берілген. Алайда полиция ресми жауабында өлімге әкелген жарақаттардың сипатын нақтыламады.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жарияланбайды.

Владимир Тепляковтың қазасынан кейін «Твардовский дом» панасында шамамен 90 ит қалған. Әлеуметтік желілерде жануарларды қорғаушылар иттерге жаңа иелер табуға және оларға қамқорлық көрсетуге көмектесіп жатқаны туралы хабарламалар жарияланды.

Зооқорғаушылардың айтуынша, Тепляков панасына күн сайын келіп, жануарларды тамақтандырып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, олардың жағдайын қадағалап отырған. Оның қайтыс болуы паналағы жануарларға қамқорлық жасап жүрген жандар үшін ауыр соққы болды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдарды анықтау және ұстау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

评论