Қазақстан мен Бельгия университеттері бірлескен зерттеулерге басымдық бермек

439
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/iLBGK1oSjtOyFOEIVvxwNLAM5Q3D6phFAoNc4fA9.jpg

Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары ғылым мен білім саласындағы байланыстарды нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Королі Филипппен келіссөздері барысында ғылым, инновация және жоғары білім саласындағы әріптестік мәселелеріне де назар аударылды. Бұл бастамалар екі елдің университеттері арасындағы академиялық байланысты кеңейтіп, ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.

Namur университетінің ректоры Анник Кастио Қазақстан мен Бельгияның жоғары оқу орындары арасындағы серіктестіктің әлеуеті, математика мен информатика салаларындағы бірлескен жобалар және жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы ынтымақтастық туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, университеттер арасындағы әріптестік студенттер алмасуымен шектелмей, ғылыми зерттеулерді дамытуға, тәжірибе бөлісуге және ортақ жобаларды жүзеге асыруға негіз болуы керек.

Сұхбат барысында университеттердің қоғамның технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі, ғылым мен бизнестің байланысын нығайту, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану және төртінші буын университеттерінің жаңа тұжырымдамасы да сөз болды. Сонымен қатар Қазақстан мен Бельгия арасындағы академиялық әріптестіктің нәтижелерін бағалау, бірлескен ғылыми бастамаларды кеңейту және университеттерді мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен байланыстыру перспективалары қарастырылды.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның дамуындағы ғылым, инновация және университеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Бұл бағыттар Король Филипппен өткен келіссөздер барысында да көтерілді. Қазақстанның Еуропа университеттерімен ынтымақтастығының кеңеюіне қалай баға бересіз? 

— Бүгінде әлемдік даму үдерісінде университеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызы артып, ортақ бастамалар мен ғылыми ізденістерге кең жол ашылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды, инновацияны және халықаралық академиялық байланыстарды дамытуға басымдық беруі Қазақстанның жаһандық білім мен ғылыми зерттеулер кеңістігіндегі орнын нығайтуға жол ашады. Мұндай әріптестік студенттер алмасу бағдарламаларымен шектелмей, ұзақ мерзімді ғылыми жобалар мен тәжірибе алмасуды да қамтуы қажет. Студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығы олардың дүниетанымын кеңейтіп, әлемдік үдерістерді тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар адамзат алдындағы күрделі мәселелерді шешу үшін университеттер арасында сенімді байланыс орнатып, ғалымдар мен оқытушылардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау маңызды. Әсіресе бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, озық тәжірибелерді енгізу және ортақ жобаларды жүзеге асыру ұзақ мерзімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған бастамалары отандық ғылымның әлеуетін арттырып, халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланысын нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстанның жоғары оқу орындарымен жасалған келісімдердің негізгі мақсаты да – осындай берік академиялық байланыстар орнатып, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нақты нәтижелерге бағыттау. Менің ойымша, Мемлекет басшысының халықаралық әріптестікті дамытуға бағытталған саясаты қазақстандық университеттердің жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуіне және елдің ғылыми әлеуетінің артуына негіз қалайды.

— Wallonie-Bruxelles International ұйымының мәліметінше, мемлекеттік сапар аясында University of Namur мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында жаңа келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Сіздің ойыңызша, білім беру мен ғылыми зерттеулердің қай бағыттары мұндай әріптестікті дамыту үшін барынша перспективалы? 

— Бұған дейін KBTU-мен экономика бағыты бойынша ынтымақтастық орнатып, студенттер алмасу бағдарламаларын жүзеге асырдық. Бұл бастама қазақстандық студенттерге Бельгияда білім алып, еуропалық білім беру тәжірибесімен танысуға, кәсіби және академиялық көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берді. Осы оң тәжірибені негізге ала отырып, біз әріптестік аясын кеңейтіп, жаңа академиялық бағыттарды қамту туралы шешім қабылдадық.

Жақында қол қойылған келісім математика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, информатика бойынша да бірлескен жобалар жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта осы бағыттардағы байланысты нығайтып, басқа да ғылым мен білім салаларында жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға болады. Бұл қазақстандық және бельгиялық университеттердің ғылыми әлеуетін ұштастырып, оқытушылар мен зерттеушілердің тәжірибе алмасуына, студенттердің халықаралық білім беру кеңістігіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Академиялық әріптестіктің берік негізі – сенім, кәсіби байланыс және ортақ мүдде. Университет өкілдері бір-бірін жақынырақ танып, тәжірибелерімен бөліскен сайын, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және білім беру саласындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасады. Мұндай жобалар екі елдің де ғылыми және білім беру жүйесіне пайда әкеліп, ұзақ мерзімді нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді.

Қазақстан мен Бельгия университеттері арасындағы келісімдер осы бағыттағы ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болады. Алдағы уақытта студенттер мен ғалымдарға арналған жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, бірлескен зерттеулерді дамыту және академиялық байланыстарды нығайту арқылы екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы серіктестіктің аясын кеңейтуге болады.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан Alem.AI сияқты бастамаларды қамтитын жасанды интеллект экожүйесін дамытып, технологиялық жаңғыртуға және ұлттық ғылыми әлеуетті арттыруға басымдық беріп келеді. University of Namur ректоры ретінде бұл бағыттағы бастамалардың әлеуетін қалай бағалайсыз? 

— Жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесіндегі әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, сондай-ақ университеттердің негізгі қызмет бағыттары – ғылыми зерттеулер мен білім беру сапасын арттыруға кең мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, оның адам капиталының дамуына ықпалын арттыру және технологиялық жаңашылдықтарды қоғам игілігіне бағыттау маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға, цифрлық трансформацияны жеделдетуге және заманауи технологияларды білім мен ғылым саласына енгізуге басымдық беруі осы бағыттағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Қазақстан мен Бельгия университеттері арасындағы ынтымақтастық жасанды интеллект технологияларын жетілдірумен қатар, олардың қоғамға әсерін кешенді зерттеуге де мүмкіндік береді. Атап айтқанда, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы ғалымдардың бірлескен жұмысы жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын қалыптастыруға, этикалық нормаларды әзірлеуге және технологиялардың қоршаған ортаға әсерін ескеруге үлес қоса алады. Сонымен бірге зияткерлік меншікті қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ғылыми зерттеулердің адалдығын сақтау мәселелеріне де назар аудару қажет.

Жасанды интеллектінің әлеуетін толық пайдалану үшін оны адамның мүмкіндіктерін кеңейтетін тиімді құрал ретінде қарастырған жөн. Әсіресе білім беру саласында жастардың сыни ойлау, шығармашылық, дербес шешім қабылдау және талдау жасау дағдыларын дамыту маңызды. Бұл қабілеттерді жаңа технологиялармен ұштастыру білім сапасын арттырып, болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Бельгия университеттерінің бірлескен зерттеулері адам мен технология арасындағы тиімді байланысты қалыптастыруға, жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты пайдаланудың озық тәжірибелерін әзірлеуге жол ашады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың технологиялық жаңғыру мен ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған бастамалары аясында мұндай халықаралық әріптестік Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, ғылым мен білімнің дамуына және технологиялардың адам игілігіне қызмет етуіне ықпал ете алады.

— Сіз University of Namur жанынан инновациялық экожүйелерді, цифрлық трансформацияны және жаңа технологиялардың қоғамға әсерін зерттейтін Шығармашылық пен инновацияларды зерттеу орталығын құрдыңыз. Қазақстан университеттік ғылымды кәсіпкерлікпен, өнеркәсіппен және технологиялық даму үдерістерімен тығыз байланыстыруға ұмтылып отыр. Сіздің тәжірибеңіздің қай қырлары қазақстандық жоғары оқу орындары үшін пайдалы болуы мүмкін? Ғылыми зерттеулердің нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге айналуы үшін қандай жағдайлар қажет?

— Университеттер өздері орналасқан өңірлердің әлеуметтік-экономикалық және инновациялық дамуына ықпал ететін маңызды институттардың бірі. Олардың әлеуетін толық пайдалану үшін білім беру мен ғылыми зерттеулерді экономикалық сектордың, мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамның қажеттіліктерімен ұштастыру қажет. Осындай серіктестік ортақ мақсаттарды айқындауға, тәжірибе мен мүмкіндіктерді біріктіруге, болашақ қоғамның дамуына қажетті жаңа идеялар мен шешімдерді бірлесіп әзірлеуге жол ашады. Бұл әсіресе цифрлық трансформация және ауқымды технологиялық өзгерістер кезеңінде айрықша маңызға ие.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды, инновацияны және цифрландыруды дамытуға басымдық беруі университеттердің ғылыми әлеуетін ел игілігіне бағыттауға және ғылыми жетістіктерді экономиканың нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми қауымдастық және азаматтық қоғам арасындағы әріптестік жаңа технологияларды енгізуге, білікті мамандар даярлауға және Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына үлес қосады. Бұл ретте университеттер ғылыми білім мен практикалық тәжірибені ұштастыратын, жаңа бастамаларға серпін беретін маңызды алаң ретінде көрінеді.

Әр саланың өзіндік міндеттері, мақсаттары мен жұмыс мәдениеті бар. Осы ерекшеліктердің үйлесуі жаңа идеялардың туындауына және тың шешімдердің қалыптасуына негіз болады. Университеттер, мемлекеттік органдар, кәсіпкерлік құрылымдар мен азаматтық қоғам өкілдері бірлесіп жұмыс істеген кезде, олардың тәжірибесі мен көзқарастары бірін-бірі толықтырып, ортақ міндеттерді шешудің жаңа жолдарын ұсынады. Мұндай байланыстар ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде қолдануға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және қоғамның сұранысына сай бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан заманауи университеттердің миссиясы білім мен ғылымды дамытумен қатар, қоғамның түрлі салалары арасындағы байланысты нығайтып, ортақ дамуға белсенді үлес қосуды да қамтиды.

Қазіргі уақытта мен төртінші буын университеттерінің жаңа тұжырымдамасын зерттеп жүрмін. Бұл модель университеттердің қоғаммен байланысын тереңдетуге, ғылыми білімді практикалық міндеттерді шешуге бағыттауға және түрлі салалардың әлеуетін біріктіруге негізделген. Өткен аптада Эйндховен технологиялық университетінде осы тақырыпқа арналған алғашқы форум өтті. Басқосу университеттердің болашақтағы даму бағытын талқылауға, жаңа идеялармен бөлісуге және халықаралық тәжірибені зерделеуге мүмкіндік берді.

Қазақстандық әріптестеріммен осы тұжырымдаманы талқылауға, тәжірибе алмасуға және оны Қазақстанның ғылыми-білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне сәйкес дамыту жолдарын қарастыруға қуана қатысар едім. Қазақстан мен Бельгия университеттері арасындағы кәсіби диалог бірлескен ғылыми бастамаларды дамытуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және жоғары оқу орындарының қоғам дамуындағы рөлін нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Мұндай ынтымақтастық білім мен ғылымның мүмкіндіктерін кеңейтіп, болашақ ұрпақ үшін жаңа даму перспективаларын қалыптастыруға негіз болады.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижелерге бағытталуы маңызды екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Бельгия арасындағы академиялық әріптестікті алдағы бірнеше жылда қандай нақты жетістіктер арқылы бағалауға болады?

— Аталған көрсеткіштер Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқынын бағалауға және бірлескен жетістіктерімізді айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алдыңғы сұрақпен сабақтастыра қарастырсақ, университеттерді, кәсіпорындарды және мемлекеттік органдарды біріктіретін қазақстандық-бельгиялық әріптестіктің қалыптасуы да маңызды көрсеткіштердің бірі бола алады.

Мұндай серіктестік ғылым, білім және экономика салалары арасындағы байланысты нығайтып, бірлескен зерттеулерді дамытуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және екі елге де пайда әкелетін жаңа бастамаларды іске асыруға жол ашады. Бұл Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейтіп, оның нақты нәтижелермен толығуына ықпал етеді.

评论