Шымкентте білім беру ресурстарын тиімді басқару мәселелері талқыланды

194
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QEa3RmZP6ZYhmqTSXnUx4niDZpm5trOEctSRseym.jpg

Шымкентте білім беру ресурстарын тиімді пайдалану, қаржылық тәртіпті жетілдіру және цифрлық бақылау тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды.

15 қазанда басталған өңіраралық тәжірибелік семинар-кеңес қосымша білім беруге арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырысты іске асыру тәжірибесін таратуға арналды. Жиын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Семинарға орталық мемлекеттік органдардың, «Қазақтелеком» АҚ мен «Қаржы орталығы» АҚ-ның өкілдері, еліміздің 11 өңірінен әкім орынбасарлары, сондай-ақ білім беру, экономика, цифрландыру, спорт және мәдениет салаларының басшылары мен мамандары қатысты. Кездесуде бюджет қаражатын ұтымды пайдалану, білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік тапсырысты бақылау мәселелері қаралды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек білім беру жүйесін дамытуда қолда бар ресурстарды тиімді басқарудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, саланың тұрақты дамуы үшін қаржыландыру көлемімен қатар, қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен басқарушылық шешімдердің нәтижелілігіне де басымдық берілуі керек.
      – Білім беру жүйесін дамытуда ең алдымен қолда бар мүмкіндіктерді дұрыс бағалап, ресурстарды нақты қажеттілікке қарай бағыттау маңызды. Бұл ретте қаржылық тәртіпті күшейтіп қана қоймай, жоспарлау мен бақылау жұмыстарын жетілдіру қажет. Әрбір басқарушылық шешім нақты нәтижеге негізделіп, балалардың сапалы әрі қолжетімді білім алуына ықпал етуі тиіс, – деді Сәрсен Абайұлы.

Қалада білім беру саласын жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі – ресурстар тапшылығы жағдайында қолданыстағы инфрақұрылымның мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану. Бұл ретте білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін жүйелі бағалау, қаржыландыруды жоспарлау және бөлінген қаражаттың нәтижесін бақылау өзекті болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін атқарылған жұмыстың көлемін ғана емес, оның сапалық көрсеткіштерін де ескеру қажет.

Семинар барысында цифрлық бақылау құралдарын енгізу мәселесі де кеңінен сөз болды. Шымкент қаласында қосымша білім беруге арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы аясында балалар туралы қайталанатын жазбаларды жою, қызмет көрсетілгенін растау және қаржыландыруды нақты қызмет алушымен байланыстыру тетіктері енгізілген. Сонымен қатар, мемлекеттік мектептердің бос қуаттарын пайдалану арқылы балаларды қосымша біліммен қамтуды кеңейту жолдары қарастырылды.

 

评论