Сәуірің 26-да «Erkin El» қоғамдық бірлестігі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қалалық филиалы және Алматы Менеджмент университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасын талқылауына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл комитетінің, Алматы қаласы әкімдігінің, «Атамекен» ҰКП қалалық филиалының өкілдері қатысты. Өткізілген пікір алмасу Қазақстанның мемлекеттік тілінің функцияларын кеңейту міндеті әлі де шешімін таппай келе жатқанын көрсетті. Мұның басты себебі елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясаты мен қалыптасқан тілдік жағдайдың сәйкес келмеуі болып отыр. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасы да соның тағы бір дәлелі болды.
Өз басым талқылауға ұсынып отырған мемлекеттік құжаттың мазмұны оның тақырыбына сәйкес келмейді деп есептейтін мамандардың бірімін. Осы ойды білдірген, менен бұрын дөгелек үстелде сөз алған, сарапшы Серік Ерғалидың пікірін қоштаймын. Көлемі 70 беттен асатын тұжырымдама мәтіні Тіл комитетінің егжей-тегжейлі есебіне сай болып тұр. Құжаттың бірінші бөлігінде Тіл комитетінің жүзеге асырылған іс-шаралар мен жобалар тізімі берілген. Екіншісінде – сол шаралар тізімі алдағы жеті жылға қайта жоспарланып отыр. Мемлекеттік тілді оқытатын жеке орталықтар талап ете алатын номиналды құны 5000 теңгелік ваучерлерді пайдаланудың егжей-тегжейлі тәртібін қоспағанда, жаңа идеялар мен тәсілдер Тіл комитетінің тұжырымдама жобасында іс жүзінде жарияланбады.
Құжат мәтіні қарапайым техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін байқауға болады. Мұнда: «...тіл саясаты мәселелері бойынша жүргізілген кешенді әлеуметтік және аналитикалық зерттеулердің ұсынымдары ескерілді», - дей отырып, сол зерттеулердің бір де бір атаулары берілмейді. Сондықтан құжат статистикалық деректерге толы болса да, олардың шығу тегі де, қайнар көздері де белгісіз болып отыр. Тұжырымдаманы дайындаған мамандардың салғырттығы мәтінде көрсетілген кейбір интернет сілтемелерінің жарамсыздығынан да көрінеді.
Құжаттың бірқатар ережелері сұрақтар тудырып отыр:
- Құжатта қазақ мектебін бітірген түлектердің қазақ тілін білу деңгейі неліктен В2 деп бағаланған? Бұл қаншалықты дұрыс? Шетел тілін үйренушілер үшін қолданылатын шкала ана тілінде сөйлейтіндерге сәйкес бола ала ма?
– «Азаматтық қоғам» термині бір-ақ рет ескерілу себебі неде? Ол келесі контексте кездесіп тұр. – «Министрлік азаматтық қоғам институттарына, белсенді азаматтарға, еріктілерге БАҚ арқылы қазақ тілін қолдауға бағытталған акцияларды, іс-шараларды, бастамашыл жобаларды өткізуде ақпараттық қолдау көрсетеді»,– деп жазылған. Демек, Тіл комитеті аталған топқа тек ақпараттық көмек көрсетуге міндеттенеді.
–«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы неліктен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда басты серіктес болып табылады? «Атамекен» кәсіпорнының басшылары мен қызметкерлері мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жолында еліміздің барлық азаматтарымен бірдей атсалысуы тиіс емес пе? Мемлекет «Атамекенге» тіл жобаларын жүзеге асыру үшін қаржы бөлетін жағдайда, бұл ұйымда жұмыс істемейтіндер тек ақпараттық қолдауға қол жеткізе алады. Керісінше, неліктен ірі бизнестің тіл саясаты аясындағы орны, ең алдымен, қосымша қаржы тартудың ресурсы ретінде қарастырылмайды?
– Құжатта тіл саясатын қалыптастыруға ғылыми талдау, негіздеу қажет деген түсінік неге жоқ? Қазақ тілінің келешегі мен жетістігі демографиялық көрсеткіштермен байланысты екені айқын. Бірақ белгілі бір жағдайларда аталған үдеріс тиімді мемлекеттік тіл дамыту стратегия мен тактикасына негізделмесе, оның игі нәтежиесіне кепілдік бере алмаспыз.
Менің ойымша, талқыланып жатқан құжаттың объективті «пайдасы» мен маңыздылығы оның Қазақстанның тіл саясатында түбегейлі жаңа көзқарастарды қалыптастыру қажеттілігін көрсеткені. Шынына келсек, тұжырымдама жобасын ұсынып отырған мамандар да осы ойды, көптеген тіл саясатына қатысты тетіктерді жариялап, білдіріп отыр. Өкініштісі, жоба мәтінінде тілдің ұлттық корпусын жасау, терминологиялық жұмыс сияқты қажетті бағыттар аталса да, ақырында олар жобаның жалпы жүйесіз құрылымының арқасында көзге ілінбей, еленбей қалып отыр.
Ал, тұжырымдама жобасының балама нұсқасын үсынсақ, ол келесі сауалдарға негізделіп, солардың төңірегінде мәселені шешер еді.
Тұжырымдаманың «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде тіл саласындағы істің нақты жағдайы қандай; бұл жағдайдың себептері неде; қандай стратегиялар мен құралдар бұл жағдайды жақсарта алады деген сауалдырға жауап беру керек.
Ағымдағы жағдайды талдау кезінде келесі ұғымдарды пайдалану қажет:
- A) Батыстандыру, модернизация, ашаршылық, жаһандану (тарихи-мәдени контекстті сипаттау үшін);
- D) ұлт құру, тілді жоспарлау, инновациялық жалпымемлекеттік жобалар (тіл саясатының тиімді және керекті құралдарын қалыптастыру үшін)
- Қазақстан Республикасының Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының баламалы жобаларын қарастыру; қажет болған жағдайда «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекіту мерзімдерін ұзарту;
- Тұжырымдаманы дайындау үстінде гуманитарлық зерттеулердің ғылыми негіздеріне сүйену;
- Тұжырымдамада орталық ұғым ретінде «тіл дағдарысы» ұғымын пайдалану;
- Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – «тіл дағдарысын» еңсеруді тану;
- Қазіргі тілдік жағдайды «тіл дағдарысы» ретінде мойындағанның арқасында, қазіргі қазақ тілінің стихиялық креолизациясына қарсы тұратын шаралар енгізу.
- Жарнаманың сауатсыздығын қазақ тілінің экологиясына қауіп төндіретін жайт деп тану. Жарнаманың сауатсыздығын түзету үшін кәсіби редакторлардың,филологтардың қатысуымен мамандандырылған кеңестер құру, олардың жұмысын қоғамға ашық түрде жариялау.
- Балалар мен ересектерге арналған жыр мәтіндер негізделген мемлекеттік тілді оқытудың жалпыұлттық жүйесін құру. Бұл жалпыұлттық жүйені Қазақстан республикасының білім беру жүйесіне енгізу.
- Осы дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсыныстарын жазбаша түрде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл комитетіне таныстыру үшін электронды пошта арқылы жіберу.
- Мемлекеттік тілді дамыту тұжырымдамасының мақсаттарына қол жеткізу үшін «тіл дағдарысы» ұғымын енгізе отырып, қазақ тілін «қауіп төніп тұрған тіл» деп белгілеу қажет деген ұсыныс аса маңызды болып табылады. Бұл жағдайда дағдарысқа қарсы менеджмент тіл саясатының неғұрлым тиімді және нәтижесі зор құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді.
- Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Тіл комитетiне барлық айтылған ұсыныстар мен ескертпелердi ескеру және Тұжырымдама мазмұнына қатысты балама тәсілдер қарастыру мақсатында Тұжырымдама жобасын талқылау мерзiмiн ұзарту ұсынылады. Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Мәжілісінде Тұжырымдаманы қабылдау рәсімінің мерзімі кейінге қалдырылсын.
- Тұжырымдама жобасының мазмұны мен жұртшылықтың Тұжырымдама мәтініне ұсынатын ұсыныстары енгізуі туралы баспасөз конференциялары және қоғамдық талқылаудың өзге де түрлері арқылы диалог алаңдарын ұйымдастырып жұртшылыққа ақпарат беруді жалғастыру.
"Адырна" ұлттық порталы