Сырт көз
Қарағандыда қыста қазақтың көкөрім жігіті жат қолынан өлді. Билік: «Оқиғаға ұлттық реңк бермеңдер, әдеткі төбелес» деп, толқыған жұртты сабырға шақырып, әйтеуір дауылдың алдын алды. «Болары болды, бояуы сіңді», ертең-ақ бәрі ұмытылады деп ойлайды, бәлкім. Солай ойлайтындықтан тағы да Қазақ Елін мекендеп отырған жүздеген ұлттың «тонның ішкі бауындай татулығын» баяғыша бар пәрменімен насихаттап, жауырды жаба тоқуға көшеді. Соған иландырғысы келеді, иланар едік, өмір иландырмай тұр!
Сәуірдің іші. Павлодар қаласында Наурыз тойланып жатыр. Түс мезгілі болып, Екібастұз қаласы тіккен киіз үйде бір табақ ет жеп, қазақтың арғы-бергі тарихын, мықтылығын айтып, өзара әңгіме сапырып отырмыз. Бір уақ жағасы кестелі ақ көйлек киген орыс шалы: «Да ну вас, без родины, без флага» деді, шамырқанып, сөзін төбеден жай түсіргендей етіп. Төрт-бес қазақ бір-бірімізге «Мынау қайтеді?» дегендей одырая қарадық, үстел басындағы екінші орыс – еңгезердей шопыр жігіт ожар шалдың сөзі өрескел шыққанын ұғып, күжірейген мойнын ішке тығып, иіні салбырап кетті.
- Это, наверно, у вас нет Родины, нет флага. У казахов был и будет! Отан, міне, мынау шаңырақ,- дедім ашудан бұрқ-сарқ еткен қалпымда киіз үйдің түндігін көрсетіп, содан соң: «Ту, әне, желбіреп тұр!» дедім ашық есіктен көшенің қарсы бетіндегі ғимарат үстіндегі көк байрақты саусағыммен нұсқап.
- Ақсақал, несіне қипақтап, несіне күмілжіп тұрсыз. Төр де, тамақ та қазақтікі! Бұлдайтындай ешкім ештеңесін өзімен бірге алып келген жоқ. Қазақтың пейіліне берілген ырыздығы. Тамағымызды жеп, табағымызды теуіп отыр ғой, міне, мынау да,- деп орыс шалына тағы бір алара қарадым да: «Төрге сіз шықпағанда, кім шығады?»,- дедім даусымды жұмсартып.
Жассерік Жәлелұлы