Президент сайлауы туралы болжамдар көп айтыла бастады. Басты фаворит әрі келесі Президент – "Нұр Отанның" үміткері, ол Назарбаевтың таңдауына байланысты таққа отырады. Бұл шүбәсіз. Елдің бәрі қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты "Нұр Отан" ұсынады дегенге сенеді. Сондай-ақ, бұл қатарда әл-әзір Дариға Назарбаеваның, Бауыржан Байбектің есімдері аталып жүр. Жұртшылық Иманғали Тасмағамбетовтың сайлауға түсуін қалайды... Дейтұрғанмен, соңғы бірнеше күн бойы Назарбаевтың ойы өзгергенге ұқсайды.Назарбаевтың таңдауы... өте күрделі Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, егер Назарбаев ұсынар болса, мейлі, ол шопан болсын, яки, өмірі ауылынан ұзап шықпаған можантопай шопанның ұлы болсын, мейлі, ол қарапайым дәнекерші, темір балқыту зауытында от көсеуші болсын, ол - Президент болады. Бітті! Бірақ Назарбаев ақымақ емес. Ол Тоқаевты өз орнына отырғызғанда он ойланып, жүз толғанғаны шындық. Басқаларға қарағанда, қай жағынан қарасаңызда, Тоқаев Назарбаев үшін ең оңтайлы адам еді. Ол өте дұрыс таңдау жасады. Бірақ... Ендігі таңдау... біз ойлаған сценарийден мүлдем бөлек болады. Бұл жөнінде бізге Ақордаға жақын жүрген саясаттанушының бірі айтты. Әрине, есім-сойын құпия ұстағанды жөн санады. Уәждерін тыңдап отырып, біз де ойланып қалдық. Назарбаев Тоқаевтан неге сескенеді? Саясаттанушы өзінің сенімді ақпаратына сүйене отырып, қазіргі уақытша Президент "уақытша" деген атаумен тарихта қалады дейді. Бірақ оны Тоқаевтың өзі білмейді-мыс. Ол жоғары биліктен дәмелі әрі өз ойына өте сенімді бірден-бір адам. Оны осы "шексіз сенімі" орға жығуы мүмкін. Назарбавқа қанша жалпақтап, әр сөзінің кіріспесін Елбасын ауызға алумен бастағанына қарамастан, ол Назарбаев үшін бәрібір "өзінің амбициасын білдіріп қойған" адам. Назарбав амбициасы бар кез келген тұлғаны ұнатпайды. Ол тек өзі болуы көздейді. Назарбаевтың бір ерекшелігі - оның ешкімге сенбейтіндігі, әсіресе, өзіне 30 жыл бойы серіктес болған, айтқанына көнген, айдауына жүрген, саяси ойындарда бір сәтке де мүлт кетпеген, Назарбаевтан сын естімеген, олигархтармен байланысы аз, кландардың ортасына кірмеген Тоқав - ол үшін ең қауіпті адам. Оның қауіптенетіні - Тоқаевтың осы сырбаздығы, тұңғиықтығы және аса сақтығы. Ол дипломат ретінде әрі барлаушылық қабілеті (әкесі детектив жазушы, өзі Кеңес одағы кезінде Сыртқы істер министрлігінде істеген, бұл орган – кәсіби барлаушыларды тәрбиелейтін) жоғары тұлға ретінде 30 жыл бойы Назарбаевтың авторитарлық режимінен сүрінбей өткен саясаткер. Бұл жөнінен алсаңыз, Тасмағамбетов елдің ықыласын өзіне бұруға бар күшін салған пиаршы-менеджер. Дәриға Назарбаева да сол санатта. Ол да үмітті, бірақ Назарбаев үшін ол кландар тартысындағы пешка ғана. Бірін басып, екіншісін көтеру үшін, отбасылық шиеленісті тең ұстау үшін пайдаланады. Ал Байбек - піспеген, ысылмаған ойыншы. Демек, сақтанатын тұлға - Назарбаевтың дұрыс таңдау жасағанына қарамастан, осы Тоқаевтың өзі болып тұр. Қазір Назарбаев Тоқаевты, Тоқаев Назарбаевты «таңғалдыру» жолында ішкі күрес жүріп жатыр. Бұл теңіз астындағы арпалыстың буырқанысы 23 сәуір күні "Нұр Отанның" съезінде белгілі болады. Әрине, Тоқаев әр қадамын аңдып басып, өзін "екінші Президент" емес, "екінші тұлға" ретінде көрсетуге қанша тырысқанымен, оның әр сөзі, әр ісі, әр қимылы, кіммен кезігіп, кіммен уағдаласқаны, алғашқы ауыс-түйістері - бәрі бақылауда әрі оның ойын оқу үшін тұтас команда жұмыс жасап жатыр... Тоқаев алда-жалда Назарбаевтың көңіліне жағып, Президент болған күннің өзінде саяси клан аралық тартыс күтіп тұр. Бұл бөлек әңгіме. Енді не болмақ? Назарбаевтың таңдауы кімге түсуі мүмкін? Бір қарағанда, сарыны, жүрісі, сақтығы әрі интеллектуалдығы Тоқаевқа келетін, Назарбаевтың барлық школын көрген, әртүрлі лауазымды қызмет атқарған бір адам бар. Ол – «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев. Қазірше ешбір «жауырыншы» Мәулен Әшімбаев туралы жақ ашқан жоқ. Ол туралы тіпті дұрыс болжам жасаған пендені көрмедік. Ал Назарбаевтың көкейінде Әшімбаев ертеден бар кандидат. Мұны ол, керек десеңіз, Әшімбаевтың өзіне де айтпаған болуы мүмкін. Тек Назарбаев соңғы бірер апта бойы Тоқаевтың жүріс-тұрысын аңди отырып әрі барлық Прзиденттіктен үмітті топтардың бағыт-бағдарын анықтап, шахмат тақтасына көз жіберіп отыр. Мәулен Әшімбаевтың биографиясы да, географиясы да Назарбаевтың да, басқалардың да көңіліне қонымды.

Арман ДҮЙСЕНХАН
madeniportal.kz