Дариға, дәурен. Назарбаеваның ең арзан пәтері – Кеңес Одағының көзі

1616
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/11/eeda40e9-fbf6-4692-8ae2-262e14a9e085.jpeg

Қазақстанның бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның тағы мүлкі – Мәскеудегі совет кезінен қалған пәтері. Осы туралы хабарлаған ақпарат ресурсының мәліметін әзірге ешкім жоққа шығарған жоқ. Бұған дейін де активтерге қатысты мәліметтер жарияланып, сұрақтар пайда болғанда бұрынғы басшының әулеті тіс жарып ештеңе айтқан емес.

«Біз Дариға Назарбаеваның Мәскеуден тағы бір пәтерін таптық. Бұл шетелдегі басқа мүліктеріне қарағанда ерекше көзге түседі. Себебі, біріншіден, бұл оның ең арзан активі, екіншіден, оны тегін алған», - деп хабарлады «Выход к морю» Telegram арнасы. Осы арнаның хабарлауынша, Ресей астанасында Дариға Назарбаеваның бұдан әлдеқайда қымбат мүліктері де бар.

АТАДАН ҚАЛҒАН МҰРА МА?

Әңгіме бар-жоғы 66 м² болатын үш бөлмелі пәтер туралы болып отыр. Пәтер Черемушки ауданындағы Профсоюзная көшесінде «Царское село» тұрғын алабында орналасқан. Бұл кешен 1983 жылы «кеңестік шенеуніктерге арналған элиталық тұрғын үй» ретінде салынған. Жергілікті тұрғындар бұл үйлерді әлі күнге дейін «совминдік» деп атайды.

№2 корпустағы бесінші қабаттағы пәтерге алдымен үкіметті, содан кейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитетін басқарған КСРО Министрлер Кеңесінің мүшелерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаев қоныстанған.

«Ол бұл жерде уақытша ғана болған. Көбінесе Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінің аспиранты қызы Дариға тұрды», - деп жазады «Выход к морю».

1992 жылы Назарбаев өзінің қызметтік пәтерін жекешелендіріп, оны Дариға және оның ұлдары Нұрәлі мен Айсұлтанға бөліп берді.

«Жекешелендіру, шамасы, қызметтік тұрғын үйге және тек Ресей азаматтарына қатысты заңды айналып өткен сияқты. Қалай болғанда да, бұл олардың алғаш шетелден иеленген мүлкі болды», - деп хабарлайды «Выход к морю».

Дәл осы пәтердің құны Назарбаевтың басқа мүліктерімен салыстырғанда өте арзан. Мәліметтер бойынша, осы үйде екі қабат жоғары орналасқан ұқсас пәтер 28 миллион рубльге (шамамен 300 мың доллардан аз) сатылып жатыр.

ТАҒЫ БІР ПӘТЕР

«300 мың долларды арзан деп айтқанда, біз бұл пәтерді бұрын-соңды ресми түрде бизнеспен айналыспаған Дариғаның басқа сатып алған мүліктерімен салыстырып отырмыз. Оның Мәскеуде құны 230 миллион рубль (2,3 миллион доллар) тұратын тағы бір пәтері бар. Бұл пәтердің орналасқан жері де ерекше — қаланың қақ ортасындағы Поварская көшесінде, ал аумағы 305 м²», - деп атап өтті Telegram арна авторлары.

Черемушкидегі «көзге қораш» пәтердің әлі күнге дейін Назарбаевтың қызының атында екені хабарланды. Жекешелендіруден кейін иелері өзгермеген.

«Мүмкін, бұл үш бөлмелі пәтер Дариға Назарбаева үшін естелік немесе бойтұмар ретінде қымбат шығар. Мәскеуде болса да, өзінің алғашқы шетелдік мүлкі…» — деп жазады «Выход к морю».

Еске салайық, 2022 жылы Дариға Назарбаева Бейкер-стриттегі активтерін 140 миллион долларға сатқан болатын. Ол сондай-ақ Лондонның ең сәнді аудандарының бірі Хайгейтте орналасқан вилласын 8 миллион фунт стерлингке сатты.

«Лондонда, миллиардерлер көшесі саналатын Бишоп-авенюдегі Дариғаның тағы бір сарайы 39 миллион фунт тұрады. Сонымен қатар, Дариға Назарбаева Лондонның Челси ауданындағы Манреса Роуд көшесіндегі 21 үйден құны 31 миллион фунт болатын бір үлкен пәтерге иелік етеді», - деп хабарлады «Выход к морю» Telegram арнасы Назарбаеваның Лондонда орналасқан жылжымайтын мүлігі жайлы.

评论
其他材料