Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына PhD докторант Алма Сайлауқызының ұсынған материялын жариялап отырмыз.
Түйін сөз: Алаш публицистикасы, Алаш көсемсөзі, дін, қазақ қоғамы, бақсылар, шоқындыру, радикализм, діни мәселелер.
Алаш қайраткерлері қоғамды алаңдатқан, оның дамуына кедергі келтірген сан салалы мәселелерді ел назарына шығарып, көсемсөз күшімен талқылап, қоғамдық сананың оң өзгерістерді басынан өткергенін қалады. Жер, тіл, мәдениет, білім, медицина проблемаларымен қоса, рухани түлеу мен жаңғырудың себепшісі – діни таным мәселесі де өзектілер қатарында еді. Алаш көсемсөз шеберлерін дін мәселесі неге алаңдатты? Бүгінгі күндегі журналистердің, қоғам қайраткерлерінің де жиі көтеретін түйіткіліне айналып отырған діни сенім дегеніміз жалпы неден тұрады? Бұл турасында С.И.Ожегов өз сөздігінде: «Құдіретті күшке (әруаққа, құдайға) иланатын қоғамдық түсінік формасының бір түрі» деп түсіндірcе, Оксфорд сөздігінде: «Құдіретті басқару күшіне, құдайға немесе құдайларға деген сенім» делінген. [1] Дін – адамзат тарихының айнымас бір бөлігі, сенім формалары өзгергенімен, мәні бір – илану, сену. Адамзат тарихында діннің алатын орны ерекше, салыстырмалы түрде адамның дінге мойынсұнуы - отты игеру, дөңгелек ойлап табуымен тең үлкен жетістігі деп қарастыруға болады. [2] Алайда Кеңес кезінде дінсіз қоғамды дәріптеген жүйе құдайға деген сезімді күрт тыюға шақырып, имандылықтан ада, қатыгез қоғам туындатса, тәуелсіздік алған соң әлеумет құдайсыздықтан құтылып, ата-баба дінімен қайта қауышқанымен, оның ұзақ жылдар санада болмағанын пайдаланған сыртқы күштер өз қатарына тартуға кірісіп, елдегі діни сенімге қатысты бос кеңістік пен еркіндікті пайдаланып, түрлі діни ағымдар халықтың ой-санасына ентелей кіріп, ұлттық менталитетті бұрмалап жатқан жайы бар.
«Алаш» партиясының бағдарламасында дінге қатысты саясат қалай көрініс тапқан еді? Бағдарламаның дін ісі деп аталатын төртінші бөлімінде: «Дін ісі мемлекет ісінен айырулы болу. Кіру – шығу жағынан бостандық. Муфтилік қазақта өз алдында болу. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер молдада болу, жесір дауы сотта қаралу» делінген болатын. [3] Яғни, діни сенімге еркіндік бере отырып, оның қоғамдағы реттеушілік функциясына мемлекеттің құзіретін күшейтіп, сол арқылы зайырлы қоғамға ұмтылу мақсат болған. Тәуелсіздік алған соң, Ата заңымызға осыған ұқсас баптарды жаңғыртып енгіздік.
ХХ ғасырдың басында Қазақ елінің өркендеуі жолында діннің алатын орны туралы Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалыптасты. «Айқап» журналында: «Егер қазақ мемлекеті құрылатын болса, ислам дінінің заңдылықтарына, яғни «шариғатқа» негізделу керек» деген пікір басымдық танытса, «Қазақ» газетін шығарушылар қазақ мемлекетін еуропалық жүйемен басқару керек деген пікірде болды. Сөйте тұра, олар ата дініміз – исламды, салт-дәстүрімізді халықтың маңызды рухани құндылығы ретінде көздің қарашығындай сақтауды ұстанған. [4, 3-б.] Сол замандағы Алаш көсемсөзін, мерзімді баспасөз беттерін парақтап отырсақ, осы екі идея халық арасында қоғамдық пікірді туғызғанын бағамдай аламыз.
Қазақ елінде мұсылмандықтың өркендеуіне үлес қосқан, сол мақсатта мерзімді баспасөзде тұрақты түрде мақала жазып тұрған азаматтар Алаш қозғалысы қайраткерлерінің арасынан да көптеп табылды. Олардың ішінде Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі, тұңғыш қазақ мүфтиі Ғұмар Қараш, дін тақырыбында өнімді қалам тербеген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпей, Міржақып Дулатұлы, Шаһмардан Әлжанұлы, Жиһанша Сейдалин, аймақтық діни ахуал туралы тұрақты жазып отырған журналист Мұхамедсәлім Кәшімов, Досан Аманшин, сонымен қатар, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұстанымды ұран етіп, заманмен үндеспейтін шариғат заңдары туралы батыл сөз қозғаған Қараөткелдік Мақыш Қалтайұлы мен Сабыржан Алқормашы, мұғалім Файсілрахман Жиһандарұлы, діни-ағартушылық мақалалар жазған А.Жүсіпұлы, Ержан Құлақбайұлы, Ғалалдин Мәмікұлы және тағы басқалар бар еді.
Мұсылман құрылтайлары жұмысына қатысқан Алаштықтар «Алаш» партиясының бағдарламасына дін мәселесін жеке тарау ретінде енгізді. Бұлай болуына негізгі себеп, жер мен тіл мәселесі сияқты, дін мәселесі де ұлт бірлігінің символы еді. Ал оны халықтың ауызбірлік құралы ретінде пайдаланбаса, алауыздыққа қызмет етуі ықтимал болатын. Алаш көсемсөзі көрініс тапқан қай баспасөзді парақтап көрсек те, ұлт зиялыларының барлығы да ұлтымыз рухани кемел, иманы берік болуы үшін діннің маңызын терең түсінгенін аңғарамыз. Дінсіз қоғамның алды қараңғы екенін түсінген олардың көбі Әлихан Бөкейханның «Діни фанатизмнің алды – ор» деген орынды уәжімен де келісетін. Бұл туралы «Алашорда» деректі фильмі сценариінің авторы журналист, Болат Мүрсәлім: «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, М.Дулатұлының жазуынша, Әлихан Түркістан халықтарының әсіредіншілдігін, ғылым-білімге ұмтылмайтындығын мысалға келтіріп, «Әлсізбен одақ болу арқылы жас қазақ автономиясын құртып аламыз» деп қауіптенген» деп ой түйеді. [5] Алаш лидерінің осы бір алаңдаушылығы бекерден бекер емес еді. Вольтер айтқандай, «Ең үлкен дау-дамайлардың өзінің діни фанатизмге қарағанда қаупі азырақ», деген тұжырым дәл бүгінгі қоғам мәселесін сипаттайтындай. Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде жарияланған «Бастауыш мектеп» деген мақаласында: «Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп әуелі, миссонерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек... Қазақ дінге нашар күйде өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу – құр әурешілік», деп түйеді. Ал осы газеттің 1914 жылғы 46-санында жарық көрген «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау» атты мақаласында орыс миссонерлерінің арбауымен «құрыққа» іліккен, шоқынған қазақтар жайлы мынадай мәлімет келтіреді: «Алтай һәм қазақ миссионерлерінің 1893 жылғы отчетында айтады: 1893 жылы қазақтан шоқынған еркек-әйелі бар 69 кісі. Христиан дінін оңай қабыл еткіштер – жарлылар, қалың қазақтың ішінен шығып, қалаларға келіп малайлыққа жалданғандар. Бұлар бірте-бірте орыс тілін біліп, орыстың ғұрпымен, дінімен танысады. Сонан соң христиан дініне икемдеп бұрмалаушы әуел бастан қожалары болады». Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлы халыққа іштен іріткен індетті ашық айтып, сақтық шараларын жасау керек екенін ескертеді. Қазақты шетінен шоқындыруға ниетті империалистік биліктің осыған мүдделі болып отырғанын былайша негіздейді: «Қазақты отырықшы қылғанда христиан дінінің түбінде қабыл етерлік жағы да көзделсін» деген Сенат жиылысы ұнатып, Жер министрі қабылдаған бір істі өткен нөмірде «Уақыт» газетасынан көшіріп бастық. Онда Сенат мақсұты табылуы үшін әуелі қазақтар мен мұжықтарды біріктіре отырғызу керек. Екінші, қазақ саны орыс санының жартысынан аспасқа керек. Солай етсе, орыстардың қазақтардан саны басым болмақ. Саны басым болса, орыстардың сөзі де, тіршілік ісі де басым болып, қазақтар христиан дініне көшпек делінген». [4, 4 -б.] Міне, осы деректердің өзінен-ақ переселендер арқылы жерінен айрылған қазақ көп ұзамай олардың басымдығына мойынсұнып, діні мен тілінен де айрылуға тиіс болғанына көз жеткізе аламыз. Бұл жерде ойымызға Поль Анри Гольбахтың мына сөзі оралады: «Халықтың қай дінді таңдауын сол елдің әміршісі шешеді. Ел басшысы қандай дін ұстанса, оның қарамағындағы халық та сол дінді ұстанады. Шынайы құдай – сол әмірші бағынған құдай. Осылайша, елдің әміршісінің таңдауы құдайдың таңдауы болып шыға келеді». Екіншіден, дінін айырбастауға бейім тұратындар әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар болып келетін үрдіс тарихымызда бұрын кездескен болып тұр.
Ол кезеңде әлеуметтік және саяси жағдайды өз пайдасына тиімді пайдаланған отарлық үкімет осылайша бір ұлтты діни сеніміне қарай жіліктегісі келген. Ал қазіргі қоғамдағы діни жағдаяттың әлеуметтік түбірі қандай? Ол біріктіруші фактордан ажыратушы факторға айналып бара жатқан жоқ па? Осындай заңды сұрақ туындайды. Діни әлеуметтану саласының пайда болуының алғышарттары француз ағартушылығы дәуірінде (XVIIIғ.) қаланды. Дінтануда дін мен қоғамның арақатынасына баға берудің екі: ажыратушы және біріктіруші тәсілі қалыптасқан. Ажыратушы тәсілдің жақтастары наным-сенімдер жүйесі мен социумның принципті айырмашылықтарын негізге алады. Олар үшін дін бастапқыда әлеуметтік нәрсе емес. Ол трансцендентті (яғни, о дүниелік), сондықтан оны танып білу мүмкін емес. Ал қоғам болса толықтай «осы дүниелік» және осыған орай танылып білінеді. Діннің жекелеген жақтары ғана – діни ұйымдар, мекемелер, қауымдар және т.б. – әлеуметтік болып табылады. Біріктіруші тәсілге келетін болсақ, ол дін мен қоғамның арасына өте алмайтындай бөлу сызығын жүргізбейді. [6]
Алаш публицистикасындағы дінге байланысты мәселелерді сараптай отырып, Алаш қайраткерлері діннің біріктіруші, ұлтты ұйыстырушы қызметін күшейткісі келгенін, ал алауыздық тудыратын себептерден арылу үшін, оның көпшілік назарына ұсына отырып, талқылаудан тайсалмағанын көре аламыз. Діни мәселе бойынша Алаш публицистері негізінен мына тақырыптарды халық назарына көтерген деуге негіз бар:
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


- Медреседегі молдалардың дүмшелігі
- Діни жоралғы жасау тәртіптері
- Кей молдалардың имандылыққа жат әрекеттерін талдап көрсету
- Жағдайы нашар отбасылар мен жетім балаларды шоқындыру мәселесі
- Діни терминдерге еліктеп, тіл бұзып жатқандарға тіл жанашырларының уәжі
- Қазақ қыздарының құқы
- Медресе ашу мен оның негізгі міндеттері хақындағы мақалалар
- Қазақ жеріндегі дін тарихына байланысты танымдық мақалалар
- Ұлттық діни еркіндік мәселесі
- Діни фанатизм мен формализмге бой ұруды сынау
- Отаршы елдің империялық саясатының бір тармағы болған шоқындыру саясатының құйтұрқы жолдары мен оның алдын алу шараларынан хабардар ету;
- Қу, өз құлқынын ойлап, дінді бұрмалап жеткізушілерді баспасөз арқылы әшкерелеу;
- Діни-ағартушылық мақалаларын жариялау;
- Заман талабына келмейтін ескі әдеттерден арылуға үндеу.
- Қазақтың төл мүфтиятын құру (Нәтижесінде Алаш белсендісі Ғұмар Қараш алғашқы қазақ мүфтиі болады);
- Діни құқық туралы кеңестер өткізу;
- Мұсылмандар мүддесін қорғар саяси ұйымдар құру;
- Елдің даму бағытына сай діннің идеологиялық рөлін анықтау.
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің PhD докторанты
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- https://en.oxforddictionaries.com/definition/religion
- http://akikat.kazgazeta.kz/?p=6555 Ғалимұрат Жүкел. Дін. Дінтану. Дінтанушы.
- https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88_%D0%BF%D0%B0%D1%80%D1%82%D0%B8%D1%8F%D1%81%D1%8B%D0%BD%D1%8B%D2%A3_%D0%B1%D0%B0%D2%93%D0%B4%D0%B0%D1%80%D0%BB%D0%B0%D0%BC%D0%B0%D1%81%D1%8B
- Алаш көсемсөзі: Дін мәселесі. Көптомдық. 3-том. Ғылыми жоба жетекшісі: Сақ Қ.Ө., Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014 ж.
- https://baq.kz/kk/news/sayasat/alti-alashtin-ardagi-neden-zhaza-basti-2421
- (http://ikaz.info/zamanaui-dini-ahual/)
- http://abai.kz/post/17671
- http://netref.ru/tarih-tafilimi.html Тарих тағлымы
- А.М.Дайырова, Исламский фактор в полтических процессах Казахстана», Москва, Научная книга, 2005 ж.