Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны туралы ақпаратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр - ІІМ

415
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vJYfnZ6KIm5le7qTMUSd2cOXsP9SXhus796gD5YB.webp

Ішкі істер министрлігі бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны жөніндегі ақпаратқа байланысты Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берді.

«Сұраухатта көрсетілген адамның қамауға алынғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Астана қаласының Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігіне (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр», – делінген министрліктің ресми жауабында.

Сонымен қатар, ведомство бұл қылмыстық істің нақты кімге қатысты қозғалғанын жариялаудан бас тартты.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, бұл ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына байланысты.

«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуі тиіс. Тергеу жүргізіліп жатыр. Анық-қанығы тергеу барысында анықталады. Басқа мәлімет бере алмаймыз», – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны жөніндегі ақпарат алғаш рет анонимді Telegram-арналарда таралып, кейін кейбір ақпараттық порталдарда көшіріліп басылған болатын. Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев те бұл мәселеге қатысты пікір білдірген еді.

Comments