Пара алып ұсталған Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков "Барыс" хоккей клубының бас директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мәжіліс кулуарында Туризм және спорт министрі бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Заңнама аясында бүгінгі күні ол кісіге спорт саласында қызмет атқаруға шектеулер жоқ. Хоккейдің жағдайын білесіздер. 35 ұпай ғана жинады. Одан бөлек халықаралық жарыстарда да өте төмен нәтиже тіркелді. Құрылтайшылар кеңесімен тағайындалып жатыр. Бірақ министрлік тарапынан 1 жылға нақты талаптар қойылды. Тапсырмалар берілді. Халықаралық аренада жоғары жобалары бар," - деді министр.
Еске салайық, Мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарып жүргенде Сәкен Мұсайбеков 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған болатын. Яғни букмекерлік қызмет саласындағы мүдделерге қолдау көрсеткені үшін пара алған делінеді. Ол кінәсін мойындап, мемлекетке 62 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп құтылған еді. Енді "Барыс" хоккей клубының бас директоры болып тағайындалды.
Сонымен қатар Ұлттық Олимпиада комитетінде қысқы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президент және Шайбалы хоккей федерациясының бас директоры қызметін де атқарады.