Халықаралық атом энергиясы агенттігі Ирандағы Натанз ядролық нысанында радиоактивті ластанудың тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Bloomberg TV-ге сілтеп.
Ұйым басшысы Рафаэль Гросси радиациялық фонның артуы жергілікті сипатта және халыққа тікелей қауіп төндірмейтінін айтты. Дегенмен Ирандағы ядролық және әскери нысандарға жасалып жатқан шабуылдардың жиілеп кетуі алаңдаушылық туғызады.
«Натанздағы нысан – ең көп зақым келген орындардың бірі. Онда белгілі бір деңгейде радиоактивті ластану болды, бірақ ол қорғаныс периметрінің ішінде локализацияланған. Сондықтан тұрғындар үшін нақты қауіп
жоқ», – деді Гросси.
Оның айтуынша, соғыс қимылдарының күшеюі қоршаған ортаның радиациялық ластану қаупін арттыруы мүмкін. Осыған байланысты агенттік қақтығысқа қатысушы тараптар мен Парсы шығанағы елдері және АҚШ билігіне ядролық инфрақұрылымға шабуыл жасауға болмайтынын ескерткен.
Агенттік өкілдері әлі де Иран аумағында жұмыс істеуде және жағдай тұрақталған соң толыққанды тексеру жүргізуге дайын.
Еске салайық, Израиль 13 маусымнан бастап Иранның ядролық және әскери нысандарына шабуылдарын жалғастырып келеді.