Астанада Қазақстан полициясы күніне орай күш көрсетілімі өтті. Полиция подполковнигі Бауыржан Камалиев салмағы 24 тонна болатын Terrex Barys 8×8 амфибиялық броньды әскери техниканы орнынан қозғап, әлемдік рекорд орнатты.
Рекордты GLOBAL BOOK of RECORDS (GBR) ұйымының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайбергенов ресми түрде тіркеді.
Бұл – ауыр атлет Бауыржан Камалиевтің алтыншы рет әлемдік рекорд орнатуы. Ол бұған дейін ұшақ, теміржол вагоны, локомотив, тікұшақ, тіпті қос джипті сүйреп рекорд орнатқан. Сондай-ақ, он жасынан спортты жанына серік еткен ол отыз жылдық қажымас еңбегінің арқасында еліміздің пауэрлифтингтен спорт шебері, әлем кубогының жүлдегері атанған.
«Мен бұл рекордты борышын атқарып жүрген барлық полиция қызметкерлеріне арнаймын. Бұл – жай ғана темір тарту емес. Басты мақсат – қазақтың қара күшін, рухын, ерлігін насихаттау. Жастарға үлгі болып, «Осы кісі істесе, мен де істей аламын» деген сенім ұялатқым келеді. Ерлік, халыққа қызмет ету, тәртіп – біз насихаттап жүрген басты құндылықтар. Біз жастарды спортқа, рухани және физикалық дамуға баулуға тиіспіз. Бұл іс-шара – дәл соған бағытталған. Қазақтың жастары намысты, рухты болсын», – деді Бауыржан Камалиев.
Бауыржан Камалиев Terrex Barys 8×8
«Бұл техникада 6 жетек бар, әр жетек шамамен 6 тоннадан асады. Салмағы мен құрылымы оны өте ауыр етеді. Мен оны 10 метрге сүйредім. Күш негізінен аяққа, қолға және белге түседі. Қолым ісіп кетті, бірақ бар күшімді салдым», – дейді ол.
GBR ұйымының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайбергенов Бауыржан Камалиевке арнайы сертификат табыстады.
«Бұл – салмағы 24 тонна болатын, 4 редукторлы ауыр әскери техника. Мұндай техника – ерекше құрылымға ие және жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі жабық, режимді нысандарда сақталады. Сондықтан оны тарту оңай шаруа емес – арнайы рұқсатты талап етеді», – деді ол.
Сонымен қатар, ол Бауыржан Камалиевті 2025 жылғы желтоқсанда өтетін GLOBAL BOOK of RECORDS халықаралық таныстырылымына шақырды.
«Ең алдымен, Ішкі істер министрлігіне және техника ұсынып, қолдау көрсеткен зауыт басшылығына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қуандық Шыңғысұлына ерекше ризашылығымды айтамын. Қазақстан полициясы күні-түні еліміздің тыныштығы үшін тынымсыз, адал еңбек етуде. Барша полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қазақ елі аман болсын», – деп ризашылығын білдірді.