Қазақстандық актер Бақыт Қажыбаев Қытайдағы ШЫҰ елдері кинофестивалінде «Үздік актер» жүлдесін иеленді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұл марапат өнер иесіне «Набат операциясы» фильміндегі басты рөлі үшін берілген.
Актердің айтуынша, бұл – тек өзінің ғана емес, фильмге жан-тәнімен еңбек сіңірген бүкіл шығармашылық топтың жеңісі. Ол шынайы оқиғаға негізделген бұл хикаяны жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, барлық көрерменге алғыс білдірді.
«Набат операциясы» фильмі 1992 жылы Қазақстанда болған шынайы оқиғаға негізделген. Автобустағы 30 адамды кепілге алған лаңкестерге қарсы құқық қорғау органдарының арнайы операциясы адам шығынынсыз аяқталады.
Фильм Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Айта кетейік, Бақыт Қажыбаев «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі арқылы танылған еді. Одан бөлек, актер «Қағаз кеме», «Доктор мырза», Құсайыновтар. Өмір жолы», «Айнымас Айғаным», «Аналық сезім-2», «Противостояние», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Пленники» сынды фильмдер мен сериалдарға түскен.