АҚШ-тың Техас штатында болған жойқын су тасқыны 104 адамның өмірін қиды. Қаза тапқандардың 28-і - бала. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Ақпаратқа сәйкес, құтқарушылардың аймақта тынбай жұмыс істеп жатқанына 4 күн болған. Қазіргі уақытта 24 адам ізім-қайым жоғалған.
Ең көп зардап шеккен Керр округінде 84 өлім дерегі расталып, тағы 11 адам іздестіріліп жатыр. Тағы да бес округ - Тревис, Бернет, Уильямсон, Кендалл және Том Гринде 20 адам көз жұмып, 13 адам жоғалып кеткен. Керрвилл қаласына жақын орналасқан Гуадалупе өзені жағасындағы қыздарға арналған Camp Mystic жазғы христиан лагері де су астында қалды. Лагерь әкімшілігі кемінде 27 қыз бала мен тәрбиешінің қаза тапқанын растады.
Қазір өңірде төтенше жағдай
АҚШ президенті Дональд Трамп штат билігімен тығыз жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оның тапсырмасымен ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Техасқа барып, федералды көмектің көрсетілетінін мәлімдеді.
FEMA (Төтенше жағдайларды басқару агенттігі) жоғары дайындық режиміне көшті. Техас губернаторы Грег Эбботт құтқарушыларға барлық қажетті ресурстарды пайдалануға рұқсат берді.
Гуадалупе өзенінің деңгейі бір сағат ішінде 8 метрге көтерілген. Кей аудандарда бірнеше сағат ішінде 250 мм-ге дейін жауын жауған, бұл шілде айындағы орташа мөлшерден 4-5 есе көп.