Ақтөбе облысында ауыл әкімі өзіне қол жұмсамақ болған

661
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/07/bolnicza.jpg

Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулеталин өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған., деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Оқиға 7 шілде күні болған. Ресми мәліметті Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев растады. Оның айтуынша, 47 жастағы шенеуніктің бұл әрекетінің алдын алған оның жұбайы болған.

 "Сол сәтте ауруханаға жеткізілді. Жағдайы ауыр еді. Себебі жайлы нақты айта алмаймын, бұл – жеке мәселе", – деді әкім.

Қанат Дәулеталин 2016 жылдан бері Бестамақ ауылын басқарып келеді. Үш баласы бар, ауылдың тумасы. Ол 30 маусымнан 22 шілдеге дейін демалысқа шыққан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Дәулеталин қазіргі уақытта Алға аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы – тұрақты, есін біледі, жалпы палатада.

Медицина қызметкерлері оның диагнозын жарияламады, себебі науқастың рұқсаты жоқ. Бұл – заң талаптарына сай.

Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қосымша мәлімет тергеу құпиясына байланысты жария етілмейді.

Comments