Атақты скрипкашы 200 мың долларын алаяққа беріп, ректорлық қызметке қайта оралмақ болған

367
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VApUNC7rKGv2weaZh8mAkHy7PyW14UY7TyDf2yTo.jpg

Атақты скрипкашы, Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева алаяқтың арбауына түсіп, 200 мың доллардан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ertenmedia-ға сілтеме жасап.

Алматы қаласындағы Алмалы аудандық соты 37 жастағы Арман Тәженовке қатысты алаяқтық ісін қарап, үкім шығарды. Іс материалдарына сәйкес, Тәженов өзін ҰҚК төрағасының жиенімін деп таныстырып, лауазымды қызметке қайта тағайындауға көмектесемін деп уәде берген.

Бастапқыда ол Шымкентте шекара қызметінен жұмыстан шыққан азаматты қайта жұмысқа тұрғызуға көмектесемін деп 10 мың доллар және 2 миллион теңге алған. Кейінірек атақты скрипкашы Айман Мұсақожаева мен оның күйеуі, кәсіпкер Асқар Бекбаевпен байланыс орнатып, олардың сеніміне кірген.

Мұсақожаева 1998 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетін басқарып келгенімен, 2024 жылдың

басында қызметінен босатылған болатын. Зейнетке шыққаннан кейін ректорлық қызметке қайта оралу ниетімен күйеуі Тәженовке 200 мың доллар берген. Алдында ақшаның жартысын алған алаяқ, кейін тағы 100 мың доллар талап етіп, ізін суытқан.

Мұсақожаева құқық қорғау органдарына шағымданып, алаяқ 2023 жылдың қарашасында қамауға алынды. Тергеу кезінде Тәженов кінәсін мойындап, келтірілген залалды толық өтеген.

Сот Тәженовті кінәлі деп танып, 4 жыл шартты жаза тағайындады. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Әлеуметтік желі қолданушылары Мұсақожаеваның ақша арқылы қызметке қайта оралу әрекетін сынға алуда. Олар "мемлекеттік лауазымдарды сатып алуға тырысудың өзі – заң мен этикаға қайшы" деген пікірде.

Comments