Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты зейнеткер Машрапбек Баратовты 11 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл оның екінші мәрте сотталуы.
Бұған дейін, 2024 жылғы 26 желтоқсанда оған бостандығын шектеу жазасы тағайындалған еді. Енді осы өтелмеген мерзімі жаңа үкіммен біріктіріліп, жалпы жаза мерзімі 11 жыл болып белгіленді.
Баратов жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде өтейтін болады.
Сот отырысы қысқартылған тәртіпте өтті. Айыпталушы тағылған айыптарды мойындап, тергеу материалдарына қарсы болмаған. Сот кінәсін мойындағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 7 наурызда Машрапбек Баратов Алматы халықаралық әуежайында қызметкер әйелді ас үй пышағымен қорқытып, кепілге алған болатын. Оны батыл әрекет жасаған қала тұрғыны Мұса Абдраим бейтараптандырып, пышақты жұлып алып, полицияның ұстауына мүмкіндік берген.
Осы әрекеті үшін Баратов ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық»), 261-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Кепілге алу») және 273-бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру») бойынша айыпталған.