Жетісу облысында әкімдікке үміткер болған. Ер адам әйелін азаптап өлтірді деген күдікке ілінді

1352
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PYx3ey9ddfkvGD4WRFIQLRqiroQZidaGhlJLwFx7.webp

Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова жантүршігерлік жағдайда көз жұмды. Қайғылы оқиға 22 маусымда болған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Марқұмның туыстары оның өліміне күйеуі Жанболат Айбарды кінәлап отыр. Айтуларынша, ер адам әйелін бірнеше сағат бойы ұрып-соғып, арқанмен аттың жалына байлап сүйреген. Жәбірленуші ауыр халде түнгі сағат 2:30 шамасында Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, ол ауруханаға жетпей жолда көз жұмған.

Дәрігерлер Айзат Жұманованың миы зақымданғанын, жамбас сүйектері мен бас сүйегі сынғанын, сондай-ақ денесінің көптеген бөлігінде ауыр жарақаттар болғанын мәлімдеген. Алайда күдікті аурухана қызметкерлеріне әйелінің “екінші қабаттан құлағанын” айтқан.

Қазіргі уақытта бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде күдікті Жанболат Айбардың Ақсу ауданына қарасты Арасан ауылдық округі әкімдігіне үміткер болғаны туралы ақпарат тараған.

Comments