Қазақстан Жазушылар кітапханасында Халықаралық ақындар ПЕН-клубының қазақстандық филиалының ашылуына орай ресми жиналыс өтті. Бұл – әлемдік ақындар ұйымының еліміздегі тұңғыш өкілдігі.
ПЕН-клубтың басты ұраны – «Бейбітшілік, бостандық және идея». Шара барысында Таиландта өткен құрылтай жиынына қатысып, басқарма құрамына енген ақын, аудармашы, шығыстанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы клуб жарғысымен таныстырды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы филиалдың төрағасы болып сайланды.
Төраға орынбасары – ақын, журналист Бауыржан Жақып, төраға орынбасары – ақын, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вячеслав Вавилин. Ал хатшы – ақын, философ, "ТҮРКСОЙ" ұйымы бас хатшысының кеңесшісі Мұратхан Шоқан.
Басқарма мүшесі ретінде сайланғандар:
-
Әділғазы Қайырбеков
-
Мұрат Шаймаран
-
Жарас Сәрсек
-
Ерлан Жүніс
-
Саят Қамшыгер
-
Бақытгүл Бабаш
-
Ербол Бейілхан
-
Айгүл Жұмаділ
-
Камиль Мамукадз
-
Дәулетбек Байтұрсын
-
Бауыржан Қарақыз
Жиналыс барысында Халықаралық ПЕН-клуб төрағасының орынбасары Хуан Ячжоудың арнайы құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, Қырғызстан Ұлттық жазушылар одағының жауапты хатшысы Ырысгүл Зият пен Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, публицист Фахриддин Ҳайиттың бейнеқұттықтаулар көрсетілді.
Жиынға қатысушылар бұл оқиғаны қазақ әдебиеті үшін үлкен серпіліс ретінде бағалады. Жаңа филиал ақындар арасындағы халықаралық байланыстарды арттырып, қазақ поэзиясының үнін жаһанға жеткізуге жол ашпақ.
«Бұйырса, әлем ақындарының бас қосуында бәсімізді сынап, жыр туын желбіретер күн алда. Қазақ жырының қанаты талмасын!» – деп түйінделді жиын соңындағы ізгі тілек.