Тағы да дәретхана қатері. Алматы маңында 10 жастағы бала 3 жасар қызды ажалдан құтқарып қалды

3274
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lWioOJZ0G4F6xOMaOtMDWzsiGLau1W1o21VF6AkQ.webp

Алматы облысында 10 жастағы бала дәретхана шұңқырына құлап кеткен бүлдіршінді құтқарып қалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқиға 14 шілде күні Қарасай ауданы Іргелі ауылындағы Көкдала көшесінде болған. Куәгерлердің айтуынша, аулада ойнап жүрген үш жасар қыз тереңдігі шамамен үш метрлік әжетхана шұңқырына абайсызда құлап кеткен.

Үш жасар қыздың анасынан қыз баланың дәретханаға құлап кеткенін естіген соң әкесі мен баласы көмекке асықты. Алдымен ер адам дәретхананың тесігіне өзі түсіп көргісі келген. Бірақ саңылау тым кішкентай болған. Сол сәтте он жастағы Әлихан батылдық танытып, көмекке ұмтылған. Ол беліне арқан байлап, шұңқырға түскен. Шұңқыр түбіне жеткен соң қыздың беліне де арқан байлап, оны жоғарыдағы адамдардың көмегімен сыртқа шығарған.

Мамандардың айтуынша, шұңқырда жиналған улы газ салдарынан балалар тұншығып қалуы мүмкін еді. Бірақ Әлиханның батыл әрі жедел әрекетінің арқасында екі бала да аман қалды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Батыр бала қыздың өмірін сақтап қалғаны үшін ведомстволық марапатқа ұсынылады.

 

 

Comments