Каспий теңізі деңгейі бақылау жүргізілген бүкіл кезең ішінде ең төменгі деңгейге дейін жетті. Қазір ол Балтық биіктік жүйесі бойынша минус 29 метрден төмен. Бұл туралы ТАСС агенттігіне Волжско-Каспий филиалы – Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (КаспНИРХ) мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Деңгейдің төмендеуі ең алдымен Ресей мен Қазақстан жағалауларын шайып жатқан теңіздің таяз солтүстік бөлігінде байқалуда.
Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі 1990-жылдардың ортасынан бері жалғасып келеді. 2020 жылдан бастап теңіз деңгейі шамамен 0,8 метрге төмендеген. Бұл үрдіс негізінен Каспийдің басты су көзі – Жайық өзенінің жылдық ағысының азаюымен байланысты. Қазірдің өзінде тұщы судың келуі азайған күйінде қалып отыр.
«Қазіргі уақытта Каспий теңізінің деңгейі бақылау тарихындағы ең төменгі шекке жетті – Балтық жүйесі бойынша минус 29 метрден төмен.
Су деңгейінің төмендеуі ең алдымен таяз солтүстік бөлігінде қатты байқалады. Бұл Ресей мен Қазақстан жағалауларын шайып жатқан аймақ. Бұл жерде шегініп жатқан теңіз түбінің үлкен аумақтарын ашып тастайды. Ал дәл осы бөліктер теңіз тіршілігіне ең бай аймақтар болып саналады. Су айдынының азаюы бұл тіршілік иелеріне кері әсерін тигізуде», – деді филиал өкілдері.
Мамандардың айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуіне ең алдымен өзен суларымен келетін судың азаюы себеп. Әсіресе, теңізге құятын өзен ағысының 80%-ын және жалпы су балансының шамамен 64%-ын құрайтын Жайықтың үлесі зор. Соңғы төрт жылда Жайықтың жылдық су ағымы 210–232 текше километр шамасында, бұл көпжылдық орташа көрсеткіштен (шамамен 250 текше километр) айтарлықтай төмен. Сонымен қатар, атмосферадағы парниктік газдардың көбеюі салдарынан температура өсіп, теңіз және өзен бетінен булану күшейіп жатыр. Бұдан бөлек, адамдар өзен суларын суару, өнеркәсіп және тұрғын-коммуналдық қажеттіліктерге белсенді пайдаланады. Бұл да Каспийді қоректендіретін өзендердегі су көлемінің азаюына әкелуде.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізінің төмендеуінен орын алатын зардаптар туралы зерттеу мақала жарияладық. Ғалымдардың айтуынша, ХХІ ғасыр соңына қарай теңіздің Қазақстандағы бөлігі шөлге айналу қаупі бар.