Ашық космосқа бірнеше рет шыққан ғарышкер Талғат Мұсабаев өмірден өтті

3725
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2cPqiwRJiKPkLw2ev0JhDANiAEhZP46xOToTPMPQ.webp

Белгілі ғарышкер Талғат Мұсабаев 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының отбасына көңіл айтты.

«Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын»,– деп жазылған жеделхатта.

Талғат Мұсабаев - қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкері. Ол 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында тілші әкесі мен дәрігер анасының отбасында дүниеге келген. Оның ғарыштағы алғашқы қызметі 1994 жылғы 1 шілдеде басталып 4 қарашаға дейін созылды, яғни ұшу ұзақтығы 125 тәу­лік 22 сағат 53 минут 36 секунд­ты құрады. Ашық ғарышқа бірнеше рет шықты, оның жалпы ұзақ­тығы 11 сағат 7 минутты құ­рады. Осы сапарда Қазақ­стан Республикасының ғылы­ми эксперименттерінің екін­ші бағдарламасы табысты орын­далды, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Гер­мания, Фран­ция елдері­нің ғы­лыми бағдар­ла­малары жүзе­ге асырылды.

25-негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болған. Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шыққан. 2001 жылғы сәуірдің 28-і мен маусымның 6-ы аралығында «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі міндетін атқарған. 2003-2005 жылдары - Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының топ командирі, 2005-2007 жылдары - «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының бас директоры, 2007 жылы 11 ақпаннан 11 сәуірге дейін Қазақстанның әуе-ғарыш агенттігінің директоры қызметтерін атқарған. Одан бөлек, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы болған. 2016–2017 жылдары — Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, 2017–2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі қызметтерін атқарған.

Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасының "Халық қаһарманы" және Ресей Федерациясының Батыры, "Отан", "Халықтар достығы", 3-дәрежелі "За заслуги перед Отечеством" (Ресей) ордендерімен, NASA-ның "Ғарышқа ұшқаны үшін" медалімен марапатталған.

Comments