Шымкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде болған қаржы ұрлығына қатысты атышулы сот процесі аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Stan.kz-ке сілтеп.
Тергеу деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың жаз-күз айларында университеттің бірінші проректоры тендер өткізбестен және мемлекеттік сатып алуды тексермей, бірқатар келісімшарттарға қол қойған. Нәтижесінде үш кәсіпкердің есепшотына 141 миллион теңгеге жуық қаржы аударылып, оның 13 миллионнан астамы жоғалып кеткен.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, алаяқтыққа шаруашылық бөлімінің басшысы, қаржы директоры, бірнеше кәсіпкер және тағы екі адам қатысқан. Кейін айыпталушы ректордың міндетін атқарып жүрген кезде тағы да келісімшарттар жасап, бұл жолы 116 миллион теңгені заңсыз жұмсаған. Қаражат жеке кәсіпкерлер мен ЖШС-терге аударылып, тиісті рұқсатсыз жөндеу жұмыстарына пайдаланылған.
Ұрланған ақшаның бір бөлігіне сыбайластар автокөлік сатып алғаны анықталды. Жалпы келтірілген шығын 129 миллион теңгеден асқанымен, кейіннен бұл қаражат толығымен қайтарылды.
Сот үкіміне сәйкес бұрынғы бірінші проректор 5 жылға бас бостандығынан айырылды, оған мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Екі кәсіпкерге 5 жыл 7 ай шартты жаза тағайындалды. Тағы екі сыбайлас дәл осындай мерзімге колонияға қамалды, олардың біреуінің мүлкі тәркіленді. Бір айыпталушыға 1 жылға бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Сот шешімінде айыпталушылардың жасаған істеріне өкінгені және кәмелетке толмаған балалары бар екені ескеріліп, жазалары жеңілдетілген.