Бұл кітаптарды не істеу керек?

1809
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nXlmBrY2k9W785fKsGOBNduBjqmgg74gB2sbxRBM.jpg

Біздің жас кездерімізде кітап жинау мода болды. Дүкендерден жаңа кітап көрсек барынша сатып алуға тырысатынбыз. Біраз кітаптар өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыруға кәдімгідей әсер етті. Сол әдет бойынша бірталай кітаптар жиналып қалыпты. Сонда бұл кітаптарды не істеу керек?

Кейін Алматыға келгенде Академкнига мен букинист, ұмытпасам Желтоқсан-Гоголь көшесінің қиылысындағы "Прогресс" кітап дүкені сүйікті дүкендерім еді. Бірде дүкеннен Олжас Сүлейменовтың "Аз и Я"-сын көріп стипендиям жетпей артынан алармын деп кетіп, кейін қолға түсіре алмай өкінгенім-ай...

Кейін, 1980 жылдары телевизор шықты. Әлі есімде, Мәскеудегі Олимпиаданы көреміз деп алғашқы телевизорымызды сатып алып, оған антенна таба алмай, қолдан құрастырып әлекке қалғанымыз. Бүгіндері бұған ешкім де сене қоймас. Артынан еңбекке араласқаннан кейін кітап оқу сирексіді, бірте-бірте сотка мен компьютер шыққаннан кейін тіпті оқымайтын болдық. 1990-2000 жылдары оппозициялық газеттердің түрін оқыдық - Дат, Солдат, Тасжарған, Ассанди Таймс, Свобода слова, Республика деп кете береді.

Сол әдет бойынша бірталай кітаптар жиналып қалыпты. Жалпы оқыған кітаптарымның тізімін жасап жүретінмін. Бүгінде қарап отырсам, біраз дүниені оқып тастаппын. Жюль Верннің кітаптары, Антуан де Сент Экзюпери, Джек Лондон... Чукот жазушысы Юрий Рытхеудің "Алитет уходит в горы" дегенін Алматының боранды түндерінде оқығаным, чукоттардың өміріне таң қалғаным әлі көз алдымда. Тіпті БАМ-ға да кітаптар жіберіп едік-ау... Сол арқылы БАМ-ға құрылысқа кеткен Шымкенттің қызымен танысқаным, оның Алматыда оқитын сіңлісін балдызымдай көріп жүргенім... бүгінде ертегі сияқты.

Оқылмаған кітаптар да баршылық екен. Мысалы орыс классиктерінің кітаптары. Л.Толстойдың "Война и мирінен" бастап. Горький, Чехов, Гоголь, не керек, жаныңа керектің бәрі бар. Енді сұрақ - бұларды енді оқымаймын, ол анық. Бұрын жұмыстан қол тимеді дедік, енді тіпті зауқым жоқ. Әсіресе, орыстардың кім екендігін танып-біле түскеннен кейін. Балаларым да оқымайды, оған сенімдімін. Осылардың тіпті кітап оқып жатқандарын көрмеймін. Ал немерелер туралы тіпті айтпай-ақ та қояйын.

Сонда бұл кітаптарды не істеу керек? Бұл тек менің басымдағы емес, менің замандастарымның көбінің басында бар жағдай болар деп шамалаймын. Не істеген дұрыс - комментарийлерге жаза кетерсіздер.

Қуаныш Еділханов

 

 

Comments
Other materials