Ерлан Қарин реформа жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етеді

1077
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/61A4OueeuAnSZqrdYtgEtXaqOT6hOjSahQycCmx5.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобы туралы» өкімге қол қойды. Бұл туралы бүгін, 8 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға бағытталған Парламенттік реформа бойынша ұсыныстар тұжырымдау мақсатында осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда жұмыс тобы құрылсын»,– делінген хабарламада.

Жұмыс тобының құрамында Парламент Мәжілісі мен Сенатының, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері бар.

Бұған қоса, жұмыс тобына ғылыми институттардың басшылары, еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан әрі конституциялық құқық, мемлекет және құқық теориясына бағдарланған белгілі заңгер-ғалымдар, сондай-ақ Ұлттық Құрылтай мүшелері мен сарапшылар енді.

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жетекші болып сайланды. Ал жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары болып Ержан Жиенбаев пен Арман Қырықбаев тағайындалды. 

Жұмыс тобының құрамында заң ғылымдарының докторы Қабдулсамих Айтхожин, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Индира Әубәкірова, «Әділ сөз» қорының төрайымы Қарлығаш Жаманқұлова бар. Депутаттар арасынан Марат Бәшімов, Елнұр Бейсенбаев, Снежанна Имашева және басқа да тұлғалар енген.

Жалпы жұмыс тобының құрамында 30 адам бар. Топтың негізгі мақсаты — парламенттің жұмысын жетілдіру, соның ішінде цифрлық трансформацияға баса назар аудару. Сондай-ақ заң шығару қызметінің тиімділігін арттырып, оны заман талаптарына сай ету көзделген.

Бұған дейін мемлекет басшысы бір палаталы Парламент құру және 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтерген еді.

 

Comments